Күндізгі бөлімде білім алатын студенттердің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі қалай қалыптасады? Жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген студенттер жарна төлеуі қажет пе? Шетелде оқитын жастардың сақтандырылған мәртебесі қалай рәсімделеді?
Бұл сұрақтар студенттер арасында жиі кездеседі. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалы МӘМС жүйесіндегі студенттердің мәртебесіне қатысты маңызды ақпаратты түсіндірді.
Күндізгі бөлім студенттеріне жарнаны мемлекет төлейді
Қазақстанда күндізгі бөлімде оқитын студенттер МӘМС жүйесінде жеңілдік санатына жатады. Бұл санат үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды мемлекет төлейді.
Яғни студентке МӘМС жарнасын өз қалтасынан төлеудің қажеті жоқ. Оның сақтандырылған мәртебесі тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде қалыптастырылады. МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебе азаматқа сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Сондықтан студенттердің өз мәртебесін уақытылы тексеріп отырғаны маңызды.
Студент жұмыс істесе ше?
Көптеген студент оқуымен қатар жұмыс істейді. Мұндай жағдайда да күндізгі бөлімде оқитын студент үшін МӘМС бойынша жеңілдігі сақталады.
Егер студент ресми түрде жұмыс істейтін болса, жұмыс беруші оның студент екеніне байланысты МӘМС жүйесіне аударым төлеуден босатылады.
Сондықтан студенттің жұмыс істегені оның күндізгі оқуына байланысты берілген жеңілдік санатын автоматты түрде жоймайды.
Ал жеке кәсіпкер болса?
Күндізгі бөлімде білім алып жүрген студент жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса да, оқу кезеңінде МӘМС жарналарын төлеуге міндетті емес. Бұл жерде басты шарт – студенттің күндізгі бөлімде оқитын мәртебесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде дұрыс көрсетілуі.
Жеңілдік санатын Қор тағайындай ма?
Жоқ. Бұл – назар аударатын маңызды мәселе.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры студенттерге жеңілдік санатын тағайындамайды. Студенттің мәртебесі уәкілетті мемлекеттік органдардың деректері негізінде, жоғары білім беру саласындағы ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде қалыптастырылады. Сондықтан студенттің деректерінде қате болса немесе оның күндізгі бөлімде оқитыны туралы ақпарат жүйеде көрінбесе, мәселені Қор емес, ең алдымен білім алып жатқан жоғары оқу орны арқылы нақтылаған жөн.
МӘМС мәртебесін қалай тексеруге болады?
Студенттер өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тұрақты түрде тексеріп отырғаны дұрыс. Ол үшін Telegram мессенджеріндегі SaqtandyryBot сервисін пайдалануға болады. Егер жүйеде студенттің жеңілдік санаты көрсетілмесе немесе мәртебесі «сақтандырылмаған» болып тұрса, деректерді нақтылау үшін өз жоғары оқу орнына жүгіну қажет. Бұл әсіресе жаңа оқу жылы басталған кезде маңызды. Себебі студент туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелерге уақытылы енгізілуі оның МӘМС жүйесіндегі мәртебесінің дұрыс қалыптасуына әсер етеді.
Шетелде оқитын студенттер не істеуі керек?
Қазақстаннан тыс жерде білім алып жатқан студенттердің мәртебесін рәсімдеу тәртібі бөлек. Шетелде оқитын студенттер МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесін алу үшін egov.kz порталы арқылы өздігінен тіркеледі. Бұл ретте студент өзінің оқу мәртебесін растайтын қажетті мәліметтерді ұсынуы тиіс.
Есте сақтаңыз
Күндізгі бөлімде оқитын студент:
* МӘМС бойынша жеңілдік санатына жатады;
* жарнаны өз бетінше төлемейді;
* жұмыс істеген жағдайда да жеңілдік санаты сақталады;
* жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе де, оқу кезеңінде МӘМС жарнасын төлеуге міндетті емес;
* өзінің сақтандырылған мәртебесін тұрақты тексеріп отырғаны жөн.
Ал мәртебеде сәйкессіздік анықталған жағдайда, ең алдымен оқу орнына хабарласып, студент туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелерде дұрыс көрсетілгенін нақтылау қажет. МӘМС жүйесіндегі мәртебені білу – қажетті медициналық көмекті уақытылы әрі кедергісіз алу үшін маңызды. Сондықтан студенттер оқу жылының басында ғана емес, жыл бойы өз мәртебесін бақылап отырғаны жөн.
Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры
Жамбыл облысы бойынша филиалы