98,6% ЦИФРЛЫҚ ФОРМАТТА

0

 «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ, Қор) – Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірыңғай операторы, ол зейнетақы жинақтарының сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Оның негізгі міндеті – азаматтардың зейнетақы жинақтарын жинақтау және болашақта төлемдер қамтамасыз ету. Қор ұсынатын қызметтер азаматтарға лайықты зейнетақы үшін қажетті соманы жинап қана қоймай, сонымен қатар өз болашағын қаржылық жоспарлауға белсенді қатысуға көмектеседі. БЖЗҚ қазақстандықтарға цифрлық форматта түрлі қызметтер көрсетеді және оларды салымшылардың қажеттіліктеріне бейімдей отырып дамытуда. Қордың сайтта және мобильді қосымшада 24/7 режимінде көрсететін қызметтерінің қолжетімділігі – салымшылардың өз жинақтарына деген қызығушылығын арттырудың маңызды шарты.

 

01.01.2026ж. мен 31.07.2026ж. аралығында Қор салымшыларға 32,4 млн қызмет көрсетті. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 20,7 млн-ы электрондық форматта, 11,0 млн автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электронды және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,6%-ын құрады. Салымшыларға 454,4 мың қызмет жүзбе-жүз көрсетілді, оның ішінде 443,1 мың қызмет тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.

Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарына нысаналы талаптар автоматты түрде есептеліп, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтарды есептеу және есепке алу үшін нысаналы жинақтау шоттары ашылады.

Есепті кезеңде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын («Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 1,1 млн бірлікке жетті.

Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан 21,7 млн үзінді көшірме берілді. Оның 19,3 млн-ы – электрондық, ал 2,1 млн үзінді көшірме автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарын қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтарға өте қолайлы. БЖЗҚ 2025 жылдан бастап жыл сайынғы үзінді көшірмелерді пошта арқылы автоматты түрде жіберу тоқтатылғанын ескертеді. Бірақ, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты «БЖЗҚ» АҚ атына тиісті сұранысты жіберген пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтер.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.