КӨГІЛДІР ОТЫН ИГІЛІГІ НОҒАЙБАЙҒА ЖЕТТІ

0

Қаладағы жайлы тұрмыс – ауылға да жат емес. Соңғы жылдары Қордай ауданының тұрғындары от жағып, күл шығару бейнетін ұмытты десек артық айтқандық емес.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Қордай ауданындағы көгілдір отынмен қамтылмаған елді мекендерді газдандыру үшін қыруар қаражат бағытталған болатын. Нәтижесінде, бірнеше жылда аудандағы елді мекендердің көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 47-ден 95 пайызға дейін артпақ.

Осы орайда көктемнің алғашқы күнінде Ноғайбай ауылдық округіне газ құбыры жеткені салтанатты түрде аталып өтті. Көптен күткен бұл игілікті жаңалықты атап өтуге округ тұрғындары жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев іс-шараға қатысып, аудан әкімі атынан және өзінің атынан құттықтауын айтып, ізгі тілектерін де жеткізді. Ауыл ақсақалдары игілікті істі атқарған барша азаматтарға, Ел Президенті, облыс және аудан басшылығына алғысын айтты.

Атап өтсек, 2024 жылы Ноғайбай, Сарыбастау және Шарбақты ауылдарына да, жалпы 52,3 шақырым құбыр тартылып, автоматты газ тарату стансасына газ жеткізілді. Жұмысты мердігер «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді, сметалық құны 830,4 млн. теңге, ал келісімшарт құны 712,6 млн теңгені құрады.

Ауданды газдандыру ісі 70 жылдан астам уақыт толығымен шешімін таппай келеді. Алайда, соңғы бірнеше жылда ауыз толтырып айтатындай тірліктер іске асырылып, тіптен Көктөбе, Аңырақай, Бел сынды шалғайда жатқан шағын елді мекендерге дейін газ құбыры тартылды. Мәселен, өткен жылдары Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масанчи, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Барлығы 392 ш.қ. газ құбыры тартылған. Бұл 62 мыңнан астам тұрғын мен 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының табиғи газбен қамтылуына мүмкіндік берді. Ал, одан кейін «отар» автоматты газ тарату стансасында жұмыстар аяқталып, осы аймақтағы тағы 12 елді мекенге құбыр тартылды. Осының арқасында Отар, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Бел, Аңырақай, Кенен, Алға, Мұзбел, Көгадыр, Соғанды ауылдарына құбыр жетті. Келесі кезекте тағы 55,2 шақырым құбыр тартылып, Қарасай, Еңбек, Керу ауылдары газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып табылады, сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқартуға ықпал етпек. Сонымен қатар, жылыту, тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін табиғи газды пайдалану – тұтынушылардың шығындарын да едәуір азайтары анық. Газ бар жерде бизнес те өркендейді. Кәсіппен айналысамын деген жастарымыз ауылда тұрақтап, осы игіліктің жемісін көрсін деп тілейміз.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.