БҰРЫМДЫ БАЛУАННЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БИІГІ

0

Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында әлемді мойындатқан спортшы қыздарымыз көп. Солардың бірі ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымызды насихаттап жүрген – Сезім Өтеулі.

Қордай ауданы, Қақпатас ауылының тумасы қаршадайынан спортты жанына серік етіп келеді. Бүгінде ол дзюдо күресінен кіші жасөспірімдер арасында ҚР жеңімпазы, Жастар арасындағы ҚР күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы ҚР қола жүлдегері, ҚР спорт шеберіне кандидат, ҚР халықаралық Ташметов атындағы 2 дүркін жеңімпазы, Халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Қазақтың қайсар қаракөзі жуырда жеңіс қоржынын тағы бір медальмен толықтырды. Ақпанның 23-25 күндері Ақтөбе қаласында қазақ күресінен жастар (ұлдар мен қыздар) арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, онда қордайлық палуан қыз қарсыластарына дес бермей жүлделі І орынды иеленді. Осылайша ҚР чемпионы, қазақ күресінен ҚР спорт шебері атанды.

«Ең алғашқы бапкерім – Мустафин Ахан Қайсарұлы. Ол кісі менің спорт мектебіне түсуіме себепші болған, бүгінгі жетістіктеріме жетуіме зор үлесін қосқан жан. 2019 жылы 6-сыныпты бітіріп, Тараз қаласындағы Олимпиадалық Резервтің облыстық мамандандырылған мектеп интернат-колледжіне түстім. Спортшыны биік шыңға шығаратын – тұрақты жаттығулар. Қазіргі бапкерлерім – Гүлмира Игілікова, Фарида Тастекова, Гаухар Дүкенбай күнделікті жаттығу жасауымды қадағалап, әркез алға ұмтылуға ынталандырып отырады. Сондай-ақ, ата-анамның да үлкен қолдауын сезініп келемін»,-дейді спортшы.

Жеңіс құтты болсын! Сезімнің әлі талай халықаралық жарыстарда көк туымызды желбіретіп, ел намысын қорғайтынына сенім білдіреміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.