АУДАН ӘКІМІ Р. ДӘУЛЕТТІҢ ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ!

0

Құрметті жерлестер!

Қадірменді ағайын!

Баршаңызды Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Біз үшін тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір өткен жылы маңызды. Жүз отыздан астам ұлт өкілін бір шаңырақтың астына біріктірген мемлекетіміздің абыройы жыл өткен сайын асқақтап, іргесі берік, мемлекеттігі бекем елге айналуда. Расында, Тәуелсіздікке табан тіреген 29 жылда еліміз талай биіктерді бағындырып, әлемдік аренадан өз орнын алды. Бұл әрине, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халықтың береке-бірлігінің арқасы. Еліміздің дамуына қордайлықтар да елеулі үлес қосып, көпұлтты ауданымыз бүгінде ұлтаралық татулықтың арқасында талай биіктерді бағындырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламарын тиімді іске асырудың нәтижесінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, халықтың әл-ауқаты артты деуге толық негіз бар. Әр жылды жаңа жобалармен, жемісті нәтижемен қорытындылайтын ауданымыз үшін 2020 жыл нәтижелі жетістіктерге, маңызды шараларға толы болды. Аудан халқының ынтымақ-бірлігі, еселі еңбегі арқылы биік белестер мен мақсатты межелер еңсерілді. Әлемді алаңдатқан пандемияға қарамастан өндіріс пен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы тың серпінге ие болды. Биыл ауданда ашылған жаңа нысандардың қатары да көп болды. Аудан тарихында болмаған жаңа жобалар іске асып, халқының 95 пайызы табиғи газбен қамтылып, таза ауыз суға қол жеткізді. 9 ауылдың ауылішілік жолдары толықтай асфальтталып, 300-ге жуық аудан тұрғыны баспаналы болды. Мұнымен қатар, 2020 түрлі мерейтойлар аталып өткен жыл ретінде есте қалды. Мәселен, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ата заңымыз бен Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығы, сондай-ақ, еріктілер жылы аталып өтті. Есік ашып енгелі тұрған бұл Жаңа жылдың еліміз үшін бұдан да нәтижелі жыл болары сөзсіз. Жылды маңызды саяси дода – мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауынан бастап, мемлекетіміз үшін маңызы зор, ұлы мереке – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтетін боламыз.

Қадірменді ағайын!

2021 жылы жүзеге асырылатын басым бағдарламалардың

оң нәтиже беруі – Сіздер мен біздердің ынтымағымызға,

бірлігімізге байланысты. Бірлігі бар елдің – тірлігі болады.

Біз қасиетті құндылықтарымызды қастерлеу арқылы жаңа

табыстарға жетеміз, асқар асуларды бағындырып,

биік белестерден өтеміз деген сенімдемін.

Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық,

елімізге береке-бірлік тілеймін!

Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты қордайлықтар!

Leave A Reply

Your email address will not be published.