ҚОРДАЙҒА СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ КЕЛДІ

0

Қордай ауданына жұмыс сапарымен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп,  Қайнар ауылындағы 3800 гектар алқапқа су жеткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін тартылатын қысымды су құбырымен танысты. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиардтан астам қаражат қарастырылған.

Құрылыс орнында министрмен бірге аудан әкімі Бегзат Болатбеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы басшысы Асқанат Қадыров болды.

«ТаразСтрой2004» ЖШС  қолға алған жұмыстар былтыр қуаңшылық кезінде басталған болатын. Қазіргі таңда серіктестік өкілдері жер астымен 8 шақырым жерге су жеткізу үшін арнайы трубаларды төсеуді бастамақ. Сол трубалар бойынша алқаптарға үш күшті насос су айдайтын болады. Ал, төртінші насос қосымша резервте тұрмақ. Жақын күндері алып трубаларды алқапқа дейін жеткізетін орын дайындалып, ірі техникалар жұмылатын болады.  Айта кетерлігі, трубалар жер астымен салынады. Яғни, судың жылдам жетуіне бұл үлкен көмек болады, дейді мамандар. Мердігерлер және жауапты тұлғалармен сөйлескен Нұржан Молдиярұлы осы жоба арқылы су алатын шаруалар биыл судан тарылмас үшін қазірден жұмысты жандандырып, қаржыны тиімді игеру бойынша да жүйелі жұмыстарды қолға алу қажеттігін айтты. Министрмен бірге құрылыс алаңында болған аудан әкімі Бегзат Болатбеков барлық жұмыстар бақылауға алынғанын айтып, осындай үлкен жобаға қолдау көрсеткені үшін аудан тұрғындары атынан алғыс та білдірді.

-Суармалы судың биылғы жылға болжамы бойынша шаруаларға ескертіп, суды аса қажет етпейтін дақылдар себу керектігін айтып, әр ауылда жиындар өткізудеміз. Шаруалар қазір жағдайға жақсы қанық. Ал, су ұңғымаларын жасаймын деушілерге аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсететін боламыз, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мердігерлер және жауапты мамандарға сапа мен мерзімге мән беру қажеттігін алға тартып, бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.