АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

0

Ауданымызда өмірі еңбекпен өрілген, төзімділік пен парасаттылықтың қайнар көзіндей болған асыл аналарымыз баршылық. Көктемнің көзайым мерекесі қарсаңында осындай аяулы жандарға аудандық ардагерлер кеңесі мен жастар ресурстық орталығы ерекше құрмет көрсетті.

Мерекелік жиын барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ақ жаулықты әжелерімізді келе жатқан мейраммен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Сананы тұрмыс билеген мына заманда сіздер секілді ардақты аналардың жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытуда орны бөлек. Сіздер барда ұлтымыздың болашағы жарқын, ауызбіршілігі берік болмақ. Адал еңбектеріңізге мың алғыс!»,— деген Біржан Әбдікерімұлы әр салада қызмет еткен, қазірде зейнет демалысына шыққан әйелдер қауымын аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапаттап, жастар орталығының мамандарымен бірге сый-сияпаттарын табыс етті.  Марапатталғандардың қатарында ұзақ жыл сауыншы болып еңбек еткен 86 жастағы ардақты әже Назым Шонатаева, медицина саласының ардагері Мейрамхан Калижарова, Әлжан ана ауылынан Дәрігүл Тойшиева, Қайнар ауылынан Асима Алиева, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жұмакүл Қабылтаева, Сарыбұлақ ауылынан Валентина Насырова, жарты ғасырға жуық ұстаздық қызмет етіп келе жатқан ардагер Галина Фрейлих, білім саласының ардагерлері Амина Эрса, Қаншайым Тажиевалар болды.

Сонымен қатар, бұл күні ардагерлер кеңесінің мүшелері 100 жасар әжелер – Анастасия Елантонцева және Әндеш Көмекованың үйіне арнайы барып, мерекелерімен құттықтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.