МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

0

Өмірді мәдениет саласынсыз елестету, әсте, мүмкін емес. Түптеп келгенде, адами қарым-қатынастардың өзі мәдениетімізбен өлшеніп, бағаланады. Ал мәдениет саласының дамуына, өнердің өрге жүзуіне, жастардың осы жолда биік белестерді бағындыруына осы салада ұзақ жыл аянбай еңбек еткен жандардың үлесі зор.

Саналы ғұмырын мәдениет саласына арнағандардың қатарында Гүлися Нурсеитованың есімін ерекше атауға болады. Өн бойынан әдептілік, қарапайымдылық, мейірімділік қасиеттері есіліп тұратын Гүлися Күмісбайқызын мәдениет саласы қызметкерлері жақсы біледі. Ендеше, 20 жылдан астам уақыт ауданның рухани-мәдени, қоғамдық-саяси саласында тер төккен майталман маманның өмір жолына тоқталсақ.

Гүлися Күмісбайқызы 1964 жылы М.Ломоносов атындағы орта мектебінің 8-сыныбын аяқтап, Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне дирижерлық-хор бөліміне оқуға түседі. Оқуды бітірген соң оны бұрынғы Талдықорған облысы, Андреевский ауданы, Лепсі стансасына 9 айға көркемдік жетекші ретінде жібереді. Сол жерде дипломдық жұмысын қорғап Қордайға келеді. Еңбек жолын №4 автоклубтың меңгерушісі болып бастаған. Ауыл тұрғындарына фильмдер көрсетумен, концерттер ұйымдастырумен, дәріс оқумен, қабырға газеттерін шығарумен айналысты. Аудандық Мәдениет үйінің құрылысы аяқталғаннан кейін Гүлися Нурсеитованы сол жерге әдіскер қылып тағайындады. «Ол уақытта жұмыс өте көп болатын. Ауылдық клубтардың меңгерушілерімен семинарлар өткізетінбіз, шалғай елді мекендердің клубтарына тексеріспен баратынмын, түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруда көмек көрсететінмін. Үгіт-насихат тобы, хор, концерт болсын, Мәдениет үйінің барлық іс-шараларының басы-қасында жүретінмін. 1983 жылы Цемзауыттың клубына меңгеруші болып кірдім. Ол жерде екі жылдай жұмыс істедім. Осы ретте айта кетейін, сол уақытта өзімнің үйім жоқ еді. Ата-анамның үйінен жұмысқа жаяу қатынайтынмын. Сосын жұмыстан шығып, «Қордай шамшырағы» газетіне «Білікті мәдени қызметкер жұмыс іздейді» деген хабарландыру бердім. Көп ұзамай мені Роза Люксембург атындағы совхозға клуб меңгерушісі ретінде жұмысқа шақырды. Совхоз директоры Валерий Городецкий, ал профком Николай Князев болды, екеуі де өте керемет жандар еді. Жұмысқа орналасысымен маған пәтер де берілді, барлық жайлы жағдайды жасап берген сол кездегі басшылыққа риза болдым. Клубта істеп жүргенімде хор, би үйірмесін, «Хозяюшка» клубын, «Бабушки» фольклорлы ансамблін құрған болатынмын. Осы ансамбль облыстық фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленген. Сондай-ақ, ертегі кейіпкерлерімен қыс мерекесін, жас сарбаздарды әскерге шығарып салу шарасын, салтанатты түрде неке қию рәсімдерін ұйымдастыратынбыз. Әр күніміз есте қаларлықтай эмоцияға толы өтетін»,-деп тебірене есіне алды Гүлися Күмісбайқызы.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, кейіпкеріміз бала кезінен өнерге жақын болып өсті. Ән шырқау, фортепиано, баян сынды музыкалық аспаптарда ойнауды жаны сүйетін. Мерекелік шараларда өзі де сахна төріне шығып, өнерін көпшілікке паш ететін. Жазушы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген екен. Өмірге құштар, өнерге іңкәр, ұлт мәдениетіне адал жан жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында бірқатар марапаттарға ие болған. Бірнеше мәрте облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты, Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесінің «Кәсіподақтардың мәдени-ағарту мекемесіндегі тамаша жұмысы үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Елге рухани азық беріп, көңілдеріне демеу, шабыт сыйлаған өнер жанашыры 2010 жылы құрметті зейнет демалысына шықты.  Бүгінде ол 3 баланың аяулы анасы, 10 немеренің, 3 шөберенің асыл әжесі, отбасының шырақшысы. Осындай өмірі еңбекпен өрілген, өз ісіне берілген жандар қашанда ұрпаққа үлгі. Ендеше, Гүлися Күмісбайқызын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай келе, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, ұрпағына амандық тілейміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.