Сәрсенбі күні Қордай ауданы бойынша Мансап орталығында Өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданының Мансап орталығының директоры Кенжебай Бірімжанов, Қандастар мен қоныс аударушыларды бейімдеу және интеграциялау бойынша бөлімінің басшысы Гүлғайша Ілиясова, Жамбыл облысы бойынша Еңбек мобильді орталығының маманы Бахтияр Кингажалиұлы және Қордай аудандық Мансап орталығының мамандары қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысынан келген мамандар ауданымызға келудегі мақсаттарын түсіндіріп, оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтарына, талаптарына тоқталып өтті. «Оңтүстік өңірлерде жұмыс күші айтарлықтай артық болса, солтүстікте керісінше, жұмыс қолының тапшылығы сезіледі. Сондықтан бұл жәрмеңке сіздерге өз мамандықтарыңыз бойынша жұмыс табуға көмектеседі деп үміттенеміз. Тағы бір айта кететіні, егер солтүстікке қоныс аударуды шешсеңіз, мемлекет әр отбасы мүшесіне жол, баспана шығынын өтеуге субсидия бөледі»,-деді Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданының Мансап орталығының директоры Кенжебай Бірімжанов жұмыс іздеуші азаматтарға.
Жәрмеңке барысында Солтүстіктен келген делегат білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салалары бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ, жаңадан оқу бітірген жастарға да бағдарлама аясында жұмысқа орналасу мүмкіндігі барын жеткізді. Ал аудандық Мансап орталығының мамандары қоныс аударуға ниетті азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ