АНАДАН ДАРЫҒАН ІСМЕРЛІК

0

Ауылдық жерде тұрып өз ісіңді бастау оңай емес, әрине. Ол үшін ынта-жігердің болуы жеткіліксіз. Осымен бірнеше жыл қатарынан ауылдық жерде өз бизнесімді бастаймын деушілер үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп келеді, яғни, бизнес-жоспар құрып, өзіңнің іске қабілетті екеніңді дәлелдей алсаң, арнайы грант бөлінеді. Бұл тасыңды өрге домалатып, қалаған бизнеспен айналысуға зор мүмкіндік деген сөз.

Степное ауылының тұрғыны Салима Сарыева өткен жылы осындай мүмкіндікті пайдаланып шағын тігін цехын ашқан болатын. Бірте-бірте тапсырыс берушілер қатары көбейіп, іске кірісіп кеткен-ді. Кейіпкеріміздің айтуынша, тігіншілік өнері өзінің анасынан дарыпты. Ол кісі нағыз шебер болған деседі. Ауыл баласының үй шаруасына бейім болары баршаға мәлім. Өзге бауырларындай Салима да анасына қолғабыс жасап өсті. Қағаздан алуан өрнек, нақыштар қиюды ұнататын.  Кішкентайынан анасының жанына еріп тігіншілік өнерін меңгерді. Аяулы анасына қарап сондай шебер болуды армандайтын. Араға уақыт салып сол арманы жүзеге асты. Өзі де он саусағынан өнері тамған тігінші атанды. Цех ашып, кәсіп жасады. Көздің жауын алатын сәнді той көйлектері айдай ару қалыңдықтардың ажарына көрік қосты. Дүниеде адамның қуанышына инедей болса да үлес қосқаннан артық бақыт болар ма?! Әзірлеген бұйымдарына тапсырыс иелері ағыл-тегіл алғыстарын жаудырып жатқанда Салиманың көңілі босайтыны рас. Анасы «Алтын алма, алғыс ал» деп жиі айтушы еді.

Мектепті бітірген соң ана жолымен арнайы оқу орнына түсіп, бітіріп шыққан. Негізінен құрақ көрпелер, оюлы көрпелер мен көйлектің кез-келген түрін тігіп береді. Алдымен туған-туыстарға тігіп бастаған екен. Бір электр машинасы мен аяқ машинкамен жұмыс істеп жүрген. Грант жайлы естіген соң құжат жинап өткізіп, мемлекет тарапынан өз ісін бастауға берілетін қаражатқа қол жеткізген. Ол қаражатқа оверлок машинка, тағы басқа да керек-жарақтарды алдым, дейді. Бүгінде төрт машинкасы бар, кез-келген тапсырысты уақтылы және сапалы орындауға тырысады.

-Ең алғашқы көйлекті анама тігіп бердім, әдемі болғаны соншалық әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, анамның риза болғанын көрсеңіз ғой, — деп еске алады ісмер.

Жалғыз басты ана бүгінде бір қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Қызы студент, ұлдары мектепте білім алып жүр. «Мемлекет тарапынан мен сияқты өз ісімді бастаймын деушілерге беріліп жатқан көмек үлкен қолдау болды. Келешекте цехты кеңейтіп, ары қарай ісімді дамытсам деймін», дейді Салима Алкуватқызы.

Салима Сарыева ғұмыр бойы ізденуді мақсат тұтқан. Осы тұрғыда интернет желісін ақтарып, жаңаша образдар мен сән үлгілерін таңдауға тырысады. Келешекте тігін цехын ұлғайту межеде бар. Әрине, мол қаражат керек. Оған мезгіл төреші бола жатар. Бірақ қазіргі аяқ алысы жан жадыратады.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.