«ТАЗА ӨЛКЕ» акциясы бастау алды

0

Талай жылдан бері үйреншікті үрдіске айналған көктемгі тазалық жұмыстары нәтижелі жемісін беріп, айналаның абаттануына айтарлықтай үлес қосқаны анық. Ойланып қарасақ, бұл туған ауылдың тазалығына алаңдап, игі іске жұдырықтай жұмыла кіріскен ауыл тұрғындарының, жалпы жұртшылықтың арқасы. Ендеше, ендігі әңгіменің орайы көпшілік сенбіліктер турасында болмақ.

Жақында Президенттің бастамасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» атты акция бастау алды. 6 және 13 сәуір күндері аталған акция «Таза өлке» атты тақырып бойынша өтеді деп жоспарланды. Яғни, осы екі күнде тұрғындар өз үйінің төңірегін, мекемелер өз ғимаратының төңірегін, ауласын тазалауы керек. Аудандағы тазалық жұмыстары 6 сәуір күні өтіп, онда аудан әкімі Бегзат Болатбеков бастаған мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын басшылары бастаған ұжымдар, қарапайым ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер өздеріне тиесілі орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу барысында қоқыс шығарып, қураған шөп-қурайларды тырмалап, ағаштардың түбін әктеп, бұталарын бұтап, жол бойы мен гүлзарларды тәртіпке келтірді. Осы іске жауапты аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, жалпы аудан бойынша сенбіліктерге 1800 адам қатысып, 4 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Айта кетсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20 сәуір күні «Киелі мекен» тақырыбында аудандағы барлық ескерткіштер маңын тазалау, 27 сәуір күні «Жасыл аймақ» тақырыбында ағаш көшеттері, тал-дарақ егу, 4 мамыр күні «Өнегелі ұрпақ» тақырыбында аудандағы ардагер-қариялардың аулаларын және қарттар үйінің ауласын тазалау және 11 мамыр күні «Мөлдір бұлақ» тақырыбында барлық өзен-көл жағаларын қоқыстан тазалау жоспарланған.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.