Қордайдан Арқалыққа аттанды

0

Республиканың солтүстігі мен батыс аймақтарын су алып жатқанда қордайлықтар қарап қалмады. Дереу гуманитарлық көмек жөнелтуге кірісті. Аудандық Мәдениет үйі алдына көмек жинау пункті ашылып, сол жерден Қостанай облысының Арқалық қаласына аттанатын жүк көлігі қойылды. Жанашыр қордайлықтар бірінен соң бірі келіп, ең қажетті деген азық-түлік, гигиеналық заттар мен басқа да қажеттілерді алып келді. «Жүректен жүрекке» деп аталған қайырымдылық акциясына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар жеткізген азық-түлік кешке дейін көлікке мұқият тиеліп жатты.

Соның нәтижесінде 25 тонна  гуманитарлық көмек жиналды. Атап айтқанда, ұн – 3,7 тонна, қант – 2,7 тонна, макарон – 2,2 тонна, күріш – 1,5 тонна, картоп – 3,2 тонна, сәбіз – 1,5  тоннадан астам және өзгеде азық-түлік, тұрмыстық заттар мен басқа да тұрмысқа ең бірінші қажетті заттар көмекке зәру аймаққа аттануға әзір болды.

Жалпы сомасы 21 млн. 600 мың теңге болған 25 тонна қордайлықтар жинаған көмек сол күні ардагерлердің батасын алып, Арқалық қаласына жол тартты.

Еске сала кетсек су тасқынына байланысты Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Бірер күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың ескерусіз қалмайтынын айтты. Яғни, апат аймағында қалған қауымға қаржылық және басқа да көмек көрсетіліп, материалдық шығындар толық өтеледі.

Көмек көрсетемін деген қордайлықтар үшін қайырымдылық акциясы әлі жалғасын табатынын жеткіземіз. Қабылдау орны – Қордай ауылы, аудандық Мәдениет үйі алдында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.