Аудан әкімінің халық алдындағы есепті кездесуі Үлкен Сұлутөр ауылында жалғасын тапты. Ісімен, ауызбіршілігімен көпке үлгі бола білген Үлкен Сұлутөр ауылының халқы аудан әкімінің есебін ауылдық мектепте тыңдады. Өткен жылы ауданда атқарылған шаруаның барын баралап, қол жеткізген нәтижені егжей-тегжей талдаған аудан әкімінің және ауылдық округ әкімі Бақыт Қоңырбаевтың баяндамасына толығымен қаныққан ауыл жұрты өздерін мазалаған сұрақтарына лайықты жауаптарын да алды.
Жиында тұрғындар ауыз су мәселесін көтерді. Бұл мәселе көп жылдан бері толығымен шешілмегені айтылып, бұл бағыттағы жоспарлар жайы кеңінен түсіндірілді. Атап айтсақ, Бегзат Болатбеков аудандағы таулы өлкедегі барлық елді мекендерде ауыз су жүйесі кезең-кезеңімен жөнделетінін жеткізіп, Үлкен Сұлутөрде де ауқымды жұмыс жасалатынын атап өтті. Осы ретте аудан басшысы ауыз суды үнемдеп қолдану жайын да сөз етті. Осыдан кейін Бегзат Сейсенқұлұлы жоспарларды тізіп өтті. Алдағы уақытта Үлкен Сұлутөр ауылында атқарылатын жұмыстар жетерлік. Мысалы, мәдениет үйінің құрылысы, мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл көшелеріне асфальт төсеу, шағын футбол алаңын жарықтандыру, көше аншлагтарын жаңарту, Абылай хан және Құттықадамбаев көшелерін жөндеу жоспарда бар. Мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде.
Тұрғындар сонымен қатар интернет мәселесі, «Ауыл аманаты» жобасы, ауылдағы үйлердің құжаттарын жөнге келтіруге жәрдемдесу сынды мәселелерді алға тартты. Әр сұраққа егжей-тегжейлі жауабын берген аудан басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мәселен, халыққа әлеуметтік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, мектепті жылытуды ұзарту, ауыл көркін бұзатын қараусыз қалған ескі ғимараттарды бұзып, тазалау сынды тапсырмаларды жүктеді. Сондай-ақ, аудан әкімі Отар-Үлкен Сұлутөр-Сұлутөр-Көктөбе тас жолының бұзылған 16 шақырымы жөнделетінін және қыс мезгілінде осы аралықты қардан тазалау үшін арнайы техника алынатынын жеткізді.
Ауыл тұрғындары аудан әкімінің және ауылдық округ әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, істеріне сәттілік тіледі.
Еркін ҚАТБЕКОВ