Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың кезекті халық алдындағы есепті кездесуі Кенен ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Дәстүр бойынша бірінші болып ауылдық округ әкімі Арман Жылыбаев өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстың есебін беріп, кейіннен сөз кезегін аудан әкімі Бегзат Болатбеков алды.
Аудан әкімі кенендіктердің өткен жылғы кездесуде көтерген мәселелерінің орындалуы бойынша есеп берді. Былтыр халық ауыз су мәселесін бірінші орынға қойған болатын. Осы ретте аудан әкімі жобалық сметалық құжаттар дайын екенін, бұлақтардан келген суларды жинап, Кенен ауылына тарататын су жүйесі жасалатынын жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылы көтерген тағы бір мәселе – дәрігерлік амбулаторияны кеңейту болатын. Бұл мәселе де жақын арада оң шешімі табылатыны айтылды. Бұл жаңалыққа мәдениет үйіне жиналған тұрғындар қол соғып, ризашылықтарын білдірді.
Кезек сұрақ-жауапқа келгенде тұрғындар бірнеше мәселені көтерді. Атап өтсек, жайылым жер, газ есептеуіш құрал, үй кезегі, тұрғын үй мәселелері қозғалды. Бегзат Сейсенқұлұлы әр сұраққа жауап қатып, әр проблеманың шешілуі өзінің қадағалауында болатынын жеткізді.
Жиында аудан әкімі Ешкілі-Қордай су қоймасындағы суды ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдалануы керектігін айтып, диқаншылықпен айналысамын дегендерге қолдау болатынын атап өтті. Кенендіктер басшылықтың алдағы жоспарларына оң бағасын беріп, ізгі тілектерін де жеткізді.