Құрметті қордайлықтар!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Бұл көпұлтты қоғамымызда бірлік, татулық пен келісімге үлкен мән беріліп жатқанын айғақтайтын маңызды мерекелердің бірі. Достық пен бірлік құндылықтары әрқашан Қазақстанның әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі бола бермек.
Елімізде өркениеттілік қағидаттарына, Конституция-да бекітілген құқық негіздері халқымыздың бірлік пен ынтымақ деген ұғымды аялай білетіндігін дәріптейді. Ауданымызда түрлі ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, өздерінің салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, мәдениетін және этникалық ерекшелігін, тілдердің, дәстүрлердің алуан түрлілігін арттырып келеді – мұның бәрі біртұтас қазақстандық мәдениеттің бірегей қырлары және маңызды басымдықтардың бірі болып табылады.
Ауданның барлық жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуында әрбір қордайлықтың үлесі зор. Бір мақсат-мүдденің табысты жүзеге асуы әрбір аудан тұрғынының қажырлы да тынымсыз еңбегіне, өзара түсіністік пен ынтымаққа, ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық келісімге тікелей байланысты.
Құрметті жерлестер!
Көктемнің осынау жарқын күнінде Сіздерді шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық және бақыт тілеймін. Ортақ шаңырақ астында сан алуан ұлттардың тағдыры тоғысқан Тәуелсіз Қазақстан гүлдей берсін!