АУДАН ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ 7 МАМЫР — ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР және 9 МАМЫР — ЖЕҢІС КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті жерлестер!

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

7 мамыр – Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылған күні. Бұл тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, баршамыз үшін орны ерек, қастерлі мереке. Халқымызда: «Отан – оттан да ыстық» деген даналық сөз бар. Отанды қорғау, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау – әрбір қазақстандықтың қастерлі борышы мен перзенттік парызы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылды. Еліміздің шекарасы белгіленіп, қарулы күштеріміз құрылды.

Киелі Қордай өңірі талай батырлар мен бағландардың Отаны болғаны баршаға аян. Бүгінде жауынгерлеріміз батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, ел тыныштығын қырағылықпен күзетуде.

Бүгінгі мерейлі мерекеде бар өмірін әскери қызметке арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарларымыз бен сарбаздарымызға алғысымызды білдіреміз.

Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Елімізде Отан қорғаушылар мерекесі Ұлы Жеңіс күні қарсаңында атап өтілетіні бекер емес. Себебі, бұл күн – азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін күрескен батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі ұлықталатын күн.

 

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Сіздерді қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік тұғырының берік, еңселі елдігіміздің биік болуы  осы мерекенің жемісі. Биыл сұм соғыстың аяқталғанына 79 жыл толып отыр.  Әлемді шарпыған сұрапыл соғыс талайлаған жүректерге сызат түсірді. Сан мыңдаған боздақтар Отан үшін өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, қаншама елім деген ерлер Жеңіс жолында қаза тапты.

Киелі Қордай жерінен Ұлы Отан соғысына oн бір мыңға жуық ер-азамат аттанып, туған жерін жаудан азат етуге қатысты. Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті.

Осындай батыр бабалары мен ержүрек ерлері бар қазақ елі бүгінгі таңда бейбітшілік пен татулықтың алтын ордасына айналып, бірлікте өмір сүруде. Біздің бүгінгі жеткен әрбір жетістігіміз достығы мен ынтымағы жарасқан көпұлтты мемлекетіміздің татулығы мен бірлігінде жатыр.

Адамзат тарихындағы ең қантөгіске толы шайқаста теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан көзсіз қаһармандық пен қажымас қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді.

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі өлшеусіз ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде. Сіздерге мың алғыс!

 

Құрметті жерлестер!

Туған еліміздің іргесі бүтін, мәртебеміз жоғары, ынтымағымыз ырысты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызды әрбір қазақстандық отбасында орны бөлек, қасиетті қос мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, елдігімізді нығайту жолындағы еңбектеріңізге зор табыстар тілеймін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.