Дінтану – әлемде таралған діндерді зерттеп, оларға іс жүзінде сараптама жасаумен айналысатын ғылым саласы. Бұл салаға мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде зор мән беріп, отандық жоғары оқу орындарында дінтану мамандықтары ашыла бастады. Елімізде ғылымның бұл саласының негізін қалыптастырып дамытқан оқу орындарының бірі — Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті болып табылады. Ал аталған оқу орны болса бүгінде дінтану пәні бойынша мектеп оқушылары арасында республикалық олимпиада өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.
Осыған орай 2024 жылдың 23-24 сәуір күндері Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану пәнінен оқушылар арасындағы VII республикалық олимпиада болып өтті. Олимпиаданың мақсаты: дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау көрсету, дінтану және теология мамандықтарына талантты талапкерлерді тартып, олардың мамандыққа қызығушылығын арттыруға септігін тигізу. Аталған олимпиадаға республикадан барлығы 36 оқушы, соның ішінде Жамбыл облысынан 3 оқушы қатысқан болатын. Солардың бірі — №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Базарбай Рашид (жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Әскенұлы Елнұр).
Олимпиада сайысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар дінтану ғылымына қатысты тақырыптарда эссе жазса, ал екінші кезеңде теориялық ауызша тапсырмаларға жауап берді. Қатысушылардың жұмысын университеттің Теология факультетінің білікті оқытушы-профессорлық құрамы бағалап отырды. Аса тартысты өткен республикалық бәсекеде мектеп-лицей оқушысы Р.Базарбай жүлдегер атанып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ дінтану мамандығы бойынша университет грантына ие болды. Тағы бір атап өтерлігі, осы олимпиадаға Жамбыл облысынан қатысқан оқушылар арасынан аталған білім мен біліктілік сынында жүлделі орынды Р.Базарбай ғана иеленіп, алға суырылып шықты. Ал жетекшісі Е.Әскенұлына университеттің Алғыс хаты табысталды.
Оқушыны жетістікке жетелеуде ұстазының алар орны ерекше болары сөзсіз. Осы орайда Р.Базарбайды олимпиада додасына әзірлеп, республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен жетекшісі Е.Әскенұлының еңбегін де атап өткен жөн. Мектеп-лицейіміздің ұстазы мен оқушысын жоғары көрсеткіштерімен құттықтай отырып, үнемі табыс тұғырынан көрінуіне тілектестігімізді білдіреміз.
Аида НҰРКЕЕВА, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі