ӘДЕП КОДЕКСІНІҢ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛУЫ ШАРТ

0

Мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілігі жоғары, өз міндетіне адал, антқа берік, ар-ожданын биік ұстайтын, қарапайым да әділ, адами құнды қасиеттерге бай, жоғары жауапкершілікті сезіне алатын, өзгенің оған қарап бой түзейтіндей дәрежеде болуы тиіс. Тек қана қызметте ғана емес, сенімді көрші, жақсы отағасы болуы шарт. Осы тектес құнды қасиеттер бойына тұнған мемлекеттік қызметкер мемлекет сапасын арттырып, беделін көкке көтермесе, төмендетпейді.

Осы мақсатта мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мүлтіксіз сақтауы тиіс. Мемлекеттік қызметкердің қызметте өзін-өзі сыпайы ұстауы, әдеп нормаларын қатаң сақтауы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі, оның қоғамдағы беделі – мемлекетіміздің беделі. Мемлекеттік қызметкер өзінің әрбір қадамына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Атап айтқанда: жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік көлікті пайдаланбау, әріптестеріне дөрекі мінез көрсетпеу және т.б. Осы тектес фактілер анықталған жағдайда мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Қарапайым халық сырттай мемлекеттік қызметкерлер мен орган басшыларының жұмысына, олардың қызметтен тыс уақыттағы қылықтары мен жүріс- тұрысына қарау арқылы баға беріп жатады. Бүгінде мемлекеттік қызметшіден тәртіп бұзбауы жөнінде үлкен жауапкершіліктің талап етілуі сондықтан.

Мемлекеттік қызметкердің кез-келген заң талаптарын бұзуы Әдеп кодексінің нормаларын сақтамаудың белгісі. Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және қызметшілердің әдепсіз мінез- құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған құжат болып саналады. Мемлекеттік қызметшілер моральдық- әдептілік нормаларын сақтап, кез-келген жерде әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық танытуға міндетті.

Бүгінгі күнде қоғам мен мемлекетке тек кәсіби мамандар ғана емес, адамгершілігі зор, халыққа жоғарғы деңгейде қызмет ете алатын тәрбиелі тұлғалар қажет. Ең бастысы, халықтың билікке деген сенімін  арттырып, мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту.

Ш.Нұртаев, Қордай аудандық қазынашылық басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.