ТІЛ ЗАҢЫ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ

0

ҚР Конституциясының 7-бабына және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.

Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

ҚР Конституциясының 14-бабы мен Заңның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.

Заңның 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiледi.

Заңның 21-бабына сәйкес меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады. Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады.

Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады.

Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 24-бабына сәйкес сатушы (дайындаушы, орындаушы):

— тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты беруге;

— бақылау-касса машиналары тұрған жерде тұтынушыға бақылау (тауарлық) чегін қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 16-бабына сәйкес Интернет-ресурстардағы (сайттағы) ақпарат қазақ және орыс тілдерінде болуы керек.

С.БАЛПУКОВА, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы   

Leave A Reply

Your email address will not be published.