БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

0

Баспана мәселесі қай заманда да өзекті. Себебі азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тұрғын үймен тікелей байланысты. Адам өмірінің мәніне айналған – «ұрпақ тәрбиелеу, ағаш отырғызу және үй салу» мәселесінде осы үшіншісі қиындап кеткені жасырын емес. Осы өзекті проблеманы шешу үшін мемлекет түрлі бағдарламаларды әзірлеп, іске асырып келеді. Соның нәтижесіне көз жүгіртсек…

Баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып, тапқан-таянғанын өзгеге беруден мезі болғандардың бар үміті – мемлекеттен тегін бөлінетін жер телімі немесе тұрғын үй. Бұл мәселе біздің ауданымызда да өзектілігін жоймай келеді. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кімдерге беріледі? Қашан және қай жерден бөлінеді? Оның заңдылығы қандай? Осы сияқты сауалдар жерлестеріміздің жылдар бойы көкейінде жүрген мәселелер. Қордайлықтар жағымды өзгеріс болар ма екен, деп үміт етеді. Аудан басшылығы осы бағытта қандай жұмыс атқарып, нендей қадамға барғанын білгісі келеді. Халықтың көкейінде жүрген осы мәселенің мәнісін біз де бажайлап көруді жөн санадық.

Бұл өзекті мәселені шешу үшін ауданда көп қабатты үйлер, бірнеше пәтерлі жер үйлер салынуда, сонымен қатар демеушілердің қолдауымен де үйлер салынып келеді. Бұл бойынша ақпарат газет беттерінде жиі жарияланып тұрады. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтудағы тағы бір тетік – үйлерді сатып алу. Яғни, қандай да бір құрылыс компаниясы бірнеше пәтерлі үй салады, кейіннен оны мемлекет сатып алып, тұрғындарға үйлестіреді.

Қазіргі таңда әкімдіктің берген ақпаратына сүйенсек, ауданда тұрғын үй кезегінде 2321 азамат кезекте тіркелген. Осы орайда аудан бойынша 60 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 576 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Осы жоспарды орындау мақсатында арнайы 4 пәтерлі 1 қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы әзірленді. Әр пәтердің көлемі 58 шаршы метрді құрады. Аталған пәтерде 2 бөлмесі, асханасы және санитарлық торабы бар. Осы жоба аясында мердігер анықталып, қазіргі таңда Қордай ауылында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталып, «Самал» және «Болашақ» ықшам аудандарында жаңа үйлер бой көтерді. Жаңа салынған 60 пәтерді мемлекет сатып алды, жуырда оларды қолданысқа беру жоспарлануда. Жалпы, бұл дегеніміз – 16 тұрғын үй — 60 пәтер. Алайда, 2 пәтерді Асар жобасы арқылы жаңа үй иесіне тапсырса, қалған 58 пәтерді жыл соңына дейін берілуі тиіс. Сонымен қатар, 2024 жылы тағы 30 тұрғын үй (120 пәтер) салу жоспарлануда.

Қордай ауданының тұрғындары қай кезде де қайырымды істерді атқарумен алдына жан салмайтыны белгілі. Биыл осы игі үрдіс жалғасын тауып, «Атымтай жомарт» азаматтардың көмегімен қазақи дәстүрге сай «асар» әдісімен тағы бірнеше үйді баспанаға мұқтаж отбасыларға беру жоспарлануда.

Байқағаныңыздай, мемлекет қолға алған шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Жоғарыда айтып өткен құрылыстардан бөлек, Қордай ауылында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқаны да белгілі. Басшылықтың жоспарлары сәтті іске асса алдағы жылдары көптің көңілін күпті еткен мәселе оң шешімін табары анық.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.