Қайырымдылық деген асыл қасиетті бойына сіңірген, ауданымызға қала берді республикамызға белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітов өзінің туған жері Қаракемер ауылына тағы бір тарту жасады. Спортты жаны сүйетін ол ауылға жабық футбол алаңын салып берді.
Ашылу салтанатына ауыл тұрғындарынан бөлек Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тағы басқа қонақтар қатысты. Ауыл ақсақалы Елшібек Алыбаевтың батасымен басталған іс-шарада қадірменді қонақтар Қайрат Құсейінұлының осындай игі істі атқарғанына алғысын білдіріп, ауыл тұрғындарын жақсы жаңалықпен құттықтады.
Ашылу лентасын ауыл ақсақалы Бауыржан Орынтай мен Қордай ауданының Құрметті азаматы Сәрсебек Салыбаев қиды. Осыдан кейін көпшілік жаңа нысанды аралап көрді.
Спорт кешенінде болған шағын жиында келген қонақтар сөз алып, марапаттау рәсімін жүргізді. Жиналған қауымды құттықтаған Қазақстан халқы Ассаблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Қайрат Молдасейітовке және қайырымдылықпен айналысып, туған жерге туын тігіп жүрген жандарға Ассамблеяның «Алғыс» төсбелгісін тақты. Осындай төсбелгімен «Асар» жобасы аясында Қордай ауылында мұқтаж отбасыларына 14 тұрғын үй, бір мешіт асханасын салған жас кәсіпкер Ұлан Солтанбеков, және де Сортөбе ауылына кіші футбол алаңшасын салып берген кәсіпкер Двумар Щимеев марапатталды. Құттықтаулар легіне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек те қосылып, жаңа спорт нысаны ауыл спортын, бұқаралық спортты дамытуға жаңа леп беретініне сенім білдірді. Қаракемер ауылы халқын ҚР Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов та құттықтады. Жиын соңында сөз алған меценат Қайрат Молдасейітов алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасатынын жеткізіп, ауылдың жас футболшыларына «Ордабасы» футбол клубы ойыншыларының құттықтауы жазылып, қолы қойылған доптарын табыс етті. Әрине, жаңа нысанның символикалық кілті де берілді.
Атап өту керек, «Туған жеріне туын тігіп» келген Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен Қаракемерде ауылдық мешіт, 100 орындық «Ырыс» балабақшасы, «Отау Мед» дәрігерлік амбулаториясы, Молдасейіт атындағы спорттық-сауықтыру кешені бой көтерген болатын.