Әрбір елді мекеннің өзіндік жаңару белгілері мен өзгеріс өрнегі болады. Бір жерде жаңадан бой көтерген еңселі ғимараттар мен тақтайдай тегіс жолдар көз қуантса, енді бір жерде кейпі кіріп, абаттанған аулалар көңіл сүйсінтеді. Ал Қордай ауылындағы жағымды өзгерістер қарапайым да шынайы тіршілік ырғағынан анық аңғарылады. Кеш батып, ымырт үйірілгенде көшелерге шам жағылып, үйреншікті жолдар бұрынғыдан да қолайлы, қауіпсіз әрі көркем түрге енеді.
Соңғы жылдары ауылда көше жарығын жаңғырту бағытында жүйелі де ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы Қордайдағы Тараз, Ш. Уәлиханов және Жібек жолы көшелеріне жаңа жарықшамдар орнатылып, бұл істі «KAZTAU LTD» ЖШС жауапкершілікпен аяқтады.
Сонымен қатар, ауылдың басты күретамырының бірі – Төле би көшесіне де ерекше көңіл бөлінді. Мұнда сыртқы жарықтандыру жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мердігер «СПМК-7» ЖШС тарапынан көше бойы қайта ажарланды.
Бірақ абаттандыру – тек жарық түсірумен ғана шектелмейді. Мұның түпкі мәні – тұрғындардың тас қараңғыда сүрінбей, ойлы-қырлы жолдарды айналып өтпей, өз ауылында еркін әрі аман-есен жүріп-тұруына жағдай жасау.
Міне, осы игі бастамалар 2026 жылы да өз жалғасын тапты. Өтеген батыр көшесі бойында жарықтандыру жүйесін орнатумен қатар, арнайы дайындалған негізге тротуар плиткаларын төсеп, жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. Бұл жауапты міндетті «Hamza Holding» ЖШС өз мойнына алды.
Төле би көшесі де түлей түсуде. Қазіргі таңда Домалақ ана көшесінен Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта жаяужол құрылысы мен көше жарықшамдарын орнату жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл нысанда да мердігер ретінде «Hamza Holding» ЖШС еңбек етуде.
Қолайлылық пен жайлылыққа қызмет ететін жарық алғашқы көзқараста көшедегі бір шам немесе шағын жаяужол елеусіз деталь болып көрінуі мүмкін. Дәл осындай кішігірім игіліктерден адамның өзі тұратын мекенге деген сүйіспеншілігі мен өмір сапасы қалыптасады.
Сәулелі көше – кешкі мезгілде үйге алаңсыз, тыныш қайтудың кепілі.
Тегіс тротуар – күнделікті жүретін бағытыңды жайлылықпен жүріп өту мүмкіндігі.
Ал абаттанған көше – тәртіп пен қауіпсіздіктің, тұрғындардың күнделікті қажеттілігіне деген шынайы құрметтің айғағы.
Бүгінде Қордай бір сәттегі науқандық іспен емес, жүйелі де сабақтас шешімдердің арқасында біртіндеп түлеп келеді. Бір жерде жаңа жарық шамдары жарқыраса, енді бір жерде инфрақұрылым жаңарып, келесі бір көшеде ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолы бой көтеруде.
Өзгеріс қағаз жүзінде қалып қоймай, тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінен көрініс тапқанда ғана заманауи ауылдың нағыз келбеті қалыптасса керек.
Қордай арайланып келеді. Онымен бірге әрбір жаңа кеш те нұрлана түспек.
Шолпан САБАНОВА