Қордай аудандық Мәдениет үйі және оған қарасты мәдениет мекемелері жанынан құрылған үйірме қатысушыларының қатысуымен 27-31 мамыр аралығында “Талантты жастар” атты өнер апталығы өтті.
Өнер апталығының алғашқы күні «Алтын қазына» атты қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық қолтаңбасын, өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, мақтаныш ету.
Ұлттық өнер – халқымыздың қолданбалы өнерінің ең биік жетістіктерінің бірі. Осы уақытқа дейін күнделікті тіршілікте қолданылып келген түрлі ою-өрнектер, әшекей бұйымдар – талай ұрпақтың ақыл-ойының жемісі. Көрмедегі ұсынылған жұмыстарға қарап, жас ұрпақтың санасына Тәуелсіздіктің қаншалықты терең із қалдырғанын байқауға болады.
Айта кетейік, өнер апталығының әр күні белгілі бір тақырыппен өтті. Мәселен, 28 мамыр – “Алтын дауыс” атты вокал үйірме оқушыларының байқауы өтсе, үшінші күні “Балалық шағымның шуақты үйі” атты хореография үйірмелерінің жұмыстарын бағалау мақсатында фестиваль ұйымдастырылды. Ал апталықтың төртінші күні “Көркем сөз – көңіл тілі” деп аталып, бұл күні көркемсөз және «Аспапта ойнау» үйірмелерінің қатысушылары өнерлерін паш етті.