Бұл солай болған еді немесе дарияға тамған бір тамшы

0

Биылғы жылдың 10 мамырындағы Қазақ әдебиеті газетінің №18 санында жарияланған «Ер Шона» атты мақаланы оқи отырып, қазақтың біртуар ұлы, сынақшы, ақын, қоғам қайраткері Шона Смаханұлының Алматы қаласында балаларды қазақ тілінде оқытатын жалғыз №12 қазақ мектебі екендігін, ол мектепте мыңнан астам оқушы оқып жатса, соның 600-ге жуығы Алматы қаласының шеткі, ұсақ аудандарынан түрлі азаппен, ұзақ уақыттарын сарп етіп келетіндіктерін айтып, осы себептерді жою үшін қаланың әр жерлерінен қазақ тілінде оқытатын мектептер ашу керектігін айтқан өтініші оның табандылығының арқасында, сол кездегі республика басшысы, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қабылдауына кіруі арқылы шешілгені, оның өзіндеде ол талай кедергілерге тап болғанын, КГБ қыспағына түскенін сөз еткен екен. Соған қарамастан Алматы қаласында қазақ тілінде оқытатын мектептер сол кезеңнен бастап өсе бастағаны сөз етіледі.

Осы мақаланы оқи отырып, менің ойыма да осыған ұқсас болған оқиға түсіп оны газет оқырмандарына айта кетуді жөн көрдім.

Бұл 1983 жылдың жазы еді. Мен ол кезде Красногор ауданының Қордай қой совхозының партия комитетінің хатшысымын. Совхоз тұрғындары негізінен орыстар, украиндықтар мен қоса аздап-аздап болса да басқа орыс тілдес ұлттар еді. Ал совхоз тұрғындарының жартысына жете қабылы өзіміздің қара көздер болатын.

Олар негізінен мал шаруашылығында еңбек ететін болғандықтан тұрақтары қыстаулар мен жайлауларында болса, мектепте оқитын балалары совхоз орталығында тұратын жақындары мен туыстарының үйінде жатып оқушы еді. Бірақ бәрі тек орыс тілінде оқитын. Сол кезде партия қызметкері болсам да маған «неге қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашпаймыз. Дәл осылай орысша оқи берсе қазақ балалары ұлтымыздың салт-дәстүрін, ана тілін мүлдем ұмытып кетеді ғой» — деген ой келді. Сол ой жетегінде жүріп, селолық Советтен келесі оқу жылында бірінші сыныпқа баратын қазақ балаларының тізімін алдырттым. Балалар саны отыздан асады екен. Негізгі партиялық саяси жұмысыма қосымша етіп, уақытым бар кездері әлгі отыздан астам балалардың ата-аналарын кабинетке шақырып, оңашалап түсіндіріп, өз баласын қазақша тәрбиелеу керектігін тілімнің жеткенінше насихаттап, қарсы болмағандарынан бірден мектеп директорының атына өтініш жаздырып алып отырып, бір жарым-екі ай ішінде 27 ата-ананы келістірдім. Оның ішіне өзімнің қызымды да қосып, келген ата-аналарға оны да айтып отырдым. Бірақта, менің бұл бастамамды сол кездегі мектеп директоры Исайкина Тамара Прокофьевнаның қолдамасын сездім. Сондықтан ендігі мақсат мектеп директорын жергілікті ұлт өкілінен қойғызу болды. Мұнын да сәті түсе кетті.   

Көршілес Жаңа-тұрмыс совхозының парторгі қызметтен босап, бос жүрген. Мамандығы тарихшы, партия жұмысына барар алдында ауданның бір мектебінде директорлық қызметте болған еді. Салып ұрып сол кісіге жолығып, ол кісінің бұл қызметке қарсы еместігін біліп алып, Красногор ауданының партия комитетінің үшінші хатшысы С.Жанәбіловтің қабылдауында болып, жасап жүрген тірлігім туралы әбден түсіндірдім.

Расы керек, ол кісі алғашында біраз тіксінді. Менде бұл істің ешқандай қылмыс еместігін айтып бақтым. Директорлық кадр мәселесінде айтқанымды Сәкең «Әй, бәрін өзің шешіп жүр екенсің, бізге несіне келіп отырсың» — деп қарқылдап күліп алды да «жарайды, бетіңнен қақпайын. Бірақ шу шығып кетпесін. Ата-аналар қолдаса болды бізді. Мен аудан басшысына айтып көрейін» — деп шығарып салды. Содан бірер аптадай уақыттан соң аудандық партия комитетіне бара қалсам бірінші хатшы Ә.Исақов жолыға қалып «Әй, Әбдібек, сен не бүлдіріп жүрсің» — деп сүйкімді жымиып қолын созып амандасты. Мен жасап жүрген істі айта бастағанымда «бәрін білемін. Саттар бәрін айтты. Тек абай болу керек. Мен қарсы емеспін» — деді. Менің кеудемді қуаныш кернеді. Әрине, Әлмұхан Әбдірахман ұлындай өте білікті, мәдениетті, жоғары парасатты, саяси жан-жақты адамның ұлты үшін оң шешім қабылдамауы мүмкін емес еді.

(Жаны жаннатта болсын)

Сол жылдың тамыз айында мектеп директоры ауыстырылып, қыркүйектің бірінде қазақ тілінде оқитын бірінші сынып оқушыларының алдын ала әзірленген 27-сінің 24-і партаға отырды. Оларды жігерлі де жас мұғалім оқыта бастады. Менде мектепке бұрынғыданда жиі барып, мектеп директорымен, ата-аналармен жолығып көңіл бөліп отырдым. Осылайша ерекше бақылау мен көңіл бөлу нәтижесінде жаңадан жасақталған қазақ тілінде оқи бастаған бірінші сынып өте жақсы қортындымен оқу жылын аяқтаған соң соңдарынан жұрт ілесіп берді. Мектепке директор болып келген Әділша Қашқынбаевта жаңашыл, инициативашыл азамат еді. Сол кісінің келісімімен мектептің М.Горький деген атауын қазақтың біртуар ғалым азаматы Шоқан Уәлихановтың есімімен ауыстыруды жөн көрдік. Сөйтіп менің қызметім ол жерден 1986 жылы ауысып кеткенше қазақ тілінде оқытылатын 4 сынып, яғни жүзден астам оқушылар оқи бастады. Содан бері өткен қырық жыл ішінде жоғарыда айтылған бір кездегі орыс тілінде оқытылатын орта мектеп толығымен қазақ тілінде оқытылатын мектепке айналып, қабырғасынан жүздеген шәкірттер ұзатқан білім ордасы болып тұр.

Жоғарыда айтып өткен, толыққанды жұмыс істеп тұрған орыс тіліндегі орта мектептің ішінен қазақ тілінде оқытатын сынып ашып, оның басшысын ауыстырып, қазақ азаматына басшылық тізгінің ұстату, одан қалса атын әлем таныған, пролетариат жазушысы М.Горькийдің есімін алып тастап Ш.Уәлихановтай қазақ оқымыстысының атын қойғызу тәуекелін бару Кеңес заманының гүлдеп, Мәскеу билігінің шарықтап тұрған кезінде атқарғанымызға бүгінгі күні таңданбасқа болмас. Бұл шаруаны істеуге келісімін берген сол кездегі Красногор аудандық патрия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұқан Әбдірахманұлы Исақовтай біртуар азаматтың, оның қанжығалас қызметтес серігі, аудандық партия комитетінің идеологиялық саласын басқаратын хатшысы Саттар Жанәбіловтей кесек тұлғалы азаматтардың көрегенділігі мен ұлтжандылығы болса керек. Жасыратыны жоқ, сол кезеңдерде ұлтымыздың өзгелерде жоқ және қайталанбас ізгі ниеттері, салт-дәстүрлері, тілі мен діні, мәдениеті және басқада құндылықтары басқарушы ұлттың ықпалы мен пәрменіне тұншығып, булығып бара жатқанын көріп, біліп «суға кеткен тал қармайдының» — әрекеті емеспе еді. Менің бұл әрекетім теңізге тамған бір тамшының ғана сиқы сияқты. Мұны мен бүгінгі күні өзімді мақтан тұтып, немесе бір ерлік деп жазып отырғам жоқ. Керісінше жастық жалынмен мұндай тәуекелге қалай барғанынды да білмей отырмын. Жарайды, оның бәрі өтті, кетті. Еңбастысы ұшқыннан қаулап от жанды. Мектеп толық қазақ орта мектебі болып қалыптасты.

Биылғы оқу жылының соңғы қоңырауына мектепті бітіріп кеткендеріне 40 жыл толған өзіміз ұйымдастырған шәкірттер де келген екен. Олар бұл мектепті қазақ тілінде бітіріп кеткен алғашқы қарлығаштар еді. Талайдан бері бірін-бірі көрмегендері сағыныса құшақтасып қауышып мауқым басты. Олардың көпшілігі түрлі маман иелері болып, елге қызмет етсе, қатардағы еңбек адамдары болып жүргендеріде жоқ емес екен. Ең бастысы сөйлеулері, ойлауы, адами қарым қатынастары қазақи…..

Өткен жылдар қатарларын сиретіп, біразы о дүниелік болса оларға арналып мал сойысып құран оқытылса келесі күні ұшқан ұялары Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке барып, ұстаздарын құттықтады.

Жастық шағымыздың жалынды жылдарын өткізген Беріктас ауылына жоғарыдағы аталмыш мектепке бізде бардық.

Мектеп сол бәз-баяғы қалпында екен. Мектеп басшылығы мен ұжым қанша күтім жасағандарымен салынғанына 75-80 жыл болғандықтан әр-жерлері жарылып, өткен уақыт сыр беріп тұр. Яғни, бұл ауылға заманауи мектеп керек-ақ екен. Қазір мұнда 300-ден астам оқушы оқыса оларға 40-тан астам өз пәндерінің білікті мамандары дәріс беріп келеді.

Кезінде мал шаруашылығы саласының белді шаруашылығы болғаны совхоз тарағалы бері бұрынғы тұрғылықты тұрғындар азайып, өз қандастарымыз қоныстанған екен. Есесіне мемлекет тарапынан ауылға мейрімділік көзқарас болмай, кейбір тұрғындардың үй салу мүмкіншіктері болмағандықтан ауылдан көшу тенденциялары орын алатындықтары белгілі болды. Сондықтан аудан басшылары бұл мәселеге көңіл аударып, осындай шеттеу тұрған елді мекендерге тұрғын үй салуға назар аударса құбы-құп болар еді.

Осы тақырып аясында бір кездері толғанып, жанымнан шығарған «Намысымсың, арымсың» атты жыр жолдарым да бар еді. Сол өлең осы мақалаға лайықты қорытынды болар деп ойлаймын.            

 

Бабалардан бізге қалған асылым,

Жүзін көріп жеткен талай ғасырдың.

Шұбарланып барасың сен жыландай,

Кесірінен білмейтін көп тасырдың.

 

Шыңнан аққан мөлдір, кәусар бұлағым,

Қараңғыны жарық еткен шырағым.

Тағдырларды шешкен кезде қылыштай,

Қиып түскен биіктегі шынарым.

     

Бүгінгі ұрпақ неге сені бұзады,

Соны ойласам қаным тасып қызады.

«Отырықтар», «жатырықтар» көбейіп,

Күннен күнге өршітеді ызаны.

 

Абай, Мұқтар, Сәбит, Ғабит басқалар,

Айтып кеткен ақын-жырау қасқалар.

Қадірлемей, бағаламай өзіңді,

Дүбәра ұрпақ болып шығар масқара.

      

Қайран тілім барасың шұбарланып,

Келешегің тұрған соң, мұнарланып.

Қасиетсіздер, сатқындар сатса-дағы,

Сені қорғап әрдайым тұрар халық.

      

Тілім менің бойымдағы қанымсың,

Сен мен үшін анам берген жанымсың.

Тілім менің өмірдегі барымсың,

Сен мен үшін намысымсың, арымсың.

                                 

Әбдібек Сейілханұлы, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.