Қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін орган

0

23 маусым – Полиция күні. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдап, 2007 жылы 5 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні деп бекітілген еді. Бұл мереке тұрғындардың тынышытығын күзетіп, жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында жүрген сала мамандары мен ардагерлерге алғыс айту күні болып есептеледі. Осы бер ерекші дата қарсаңында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қарымсақов Әлімхан Айдарханұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

-Әлімхан Айдарханұлы! Төл меркелеріңіз құтты болсын. Қиын әрі күрделі саналатын полицияның қызмет барысы әрдайым ел назарында. Қазіргі таңда ауданда тұрғындар тыныштығын күзетіп, өз жұмысына адалдық танытып жүрген жандар аз емес. Әңгімеміздің әлқиссасын күнде аудандағы қылмыс ахуал турасында бастасақ…

-Рахмет! Иә, қазіргі таңда полиция жұмысына жауапкершілік күшейген. Технологияның дамыған уақытында әр қадам, әр атқарған жұмысымыз ел назарынан тыс қалмайды. Ал, біздер өз тарапымыздан өз қызметімізге, антымызға адал болып, қашанда қызмет жолында жауапкершілік деген ұғымды бір сәтте ойдан шығарған емеспіз. Ал, жалпы аудандағы қазіргі ахуалға келер болсақ біршама тұрақтылық сезіледі. Дей тұрғанымен, облыс бойынша ең ірі әрі халық саны көп ауданда, республикалық, облыстық мәндегі жолдар өтетін аймақта құқықтық тәртіпті қадағалау оңай шаруа емес. Осыған байланысты Қордай АПБ-нің қызметкерлерімен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды жүргізу нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем. Осы аралықта  жалпы қылмыстардың тіркелуі -2,7%-ға төмендеген, ал жалпы қылмыстың ашылуы  65,2 % құрап отыр. Бұл біздің қызметкерлердің біліктілігін көрсетсе керек. Осылардың ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар, орта дәрежедегі қылмыстар дерегі төмендеп отыр. Бұл кезеңде адам өлтіру, зорлау тіркелмесе, ұрлық, бұзақылық 50 пайызға төмендеп, тек алаяқтық  жоғарылағанын байқаймыз. Бұл жалпы еліміз бойынша белең алып отырған жағдай.

-Жақсы. Осы орайда қазіргі таңда қоғамда көп талқыға түскен отбасылық зорлық-зомбылық жайына тоқталып өтсеңіз.

-Бұл бойынша айта кетпес бұрын қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алуда жергілікті полиция бөлімшесінің жұмысы сараланатын негізгі көрсеткіштер бойынша тоқталғым келіп отыр. Мәселен,  қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 20 % пайызға өскен,  көшелерде орын алған қылмыстар саны да артқан. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған қылмыстар дерегі де бар. Ал, Сіз қойып отырған  отбасы тұрмыстық қарым- қатынаста орын алған қылмыстар саны өкінішке орай өсіп отыр. Оның барлығы біздің мамандармен сараланып, негізі мәні анықталған. Отбасылық кикілжіңнің арты жақсы болмайтыны белгілі. Осының алдын алу бойынша полиция қызметкерлері аудандық әкімдік, ардагерлермен бірлесе түрлі кешенді шаралар қолға алудамыз.

-Мықты кадр нәтижелі жұмыстың кепілі екені анық.  Сіздерде кадр жағынан тапшылық жоқ па? Сонымен қатар қажетті техникамен қамтамасыз етілу жайын айта кетсеңіз…

-Орынды сұрақ. Бізде, кадр мәселесі бар. Өйткені, қазіргі таңда Сортөбе ауылында үлкен полиция бөлімі ашылғалы отыр. Оған елуге жуық полиция қызметкерлерін тарту ойымызда бар. Ең бастысы Қазақстан Республикасы азаматы, әскерге барған, «Құқықтану» бойныша білім бар, денсаулығы жақсы, 35 жасқа дейінгі азаматтарды қабылдауға әзірміз. Тек тест тапсыру бойынша өз біліктілігін дәлелдей білгені жөн. Полицияда қызмет етемін, форма киемін, осы жұмыста өзімізді көрсете аламын деген азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ал, техника жағына келер болсақ жақында ғана су жаңа екі көлік алдық. Ол көліктер патрульдік қызметке берілді. Аудан әкімдігімен бірлесе атқарған жұмыстың арқасында қазір техника бойынша проблема жоқ.

-Көлік туралы сөз еткен соң аудандағы жол-көлік оқиғалары, жол қауіпсіздігі туралы сөз қозғасақ…

— Қордай ауданы аумағынан жоғарыда атап өткенімдей республикалық және облыстық маңызы бар трассалар өтеді. Негізгі жол-көлік оқиғалар сол жақта орын алып жатады. Аудан аумағы болған соң барлық статистикалық мәліметтер бізге тіркеледі. Сол себепті бізде әрдайым бұл көрсеткіштер жоғары болып келеді. Осы орайда мен ауылішілік жағдайларға тоқтала кетсем деймін. Мәселен, қазір электр мотормен жүретін түрлі скутерлер мен самокаттар көбейді. Олардың рөлінде жас балалар отырады. Ауданда көлік ағыны өте жоғары, сол себепті де бұл үлкен қауіп екенін ескере бермейді Біздердің тарапымыздан қанша рет ескерткенімен ол әзірге тиылмай отыр. Осы ретте ата-аналар балалармен жұмыс жүргізсе, ондай техниканың қаншалықты қауіпті екенін жеткізсе, дейтін тілегіміз бар. Әрине, қауіпсіздік мәселесіне біздер жауап береміз. Бірақ, ата-ана тарапынан да жауапкершілік болса құба-құп. Жол туралы әңгіме болған соң ескерте кетсем, жақында аудан орталығында төрт жерден «Сұңқар» бақылау камералар қойылды. Ол камераларға түскен ереже бұзушылық бірден облыс орталығына жөнелтіледі, бақылау сол жақтан іске асырылады. Бұл Қордай ауылындағы жолдағы қауіпсіздіктің реттеуге үлкен сеп болады деп ойлаймын. Жақын болашақта осы тектес камераларды барлық ауылдарға қою да жоспрарымызда бар. Ал, жалпы құқық бұзушылық, әкімшілік жаупкершілікке тарту жағына келер болсам Қордай АПБ қызметкерлерімен 5334 әкімшілік іс құжатпен 94  млн. 514 мың 482  айыппұл салынды. Оның 64 млн. 372 мың 693 теңгесі өндірілді. 2024 жылдың 5 айында өндіру пайызы 68,1% құрады. Осы жол көлік оқиғасының алдын алуда ағымдағы жылы, «Автобус», «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол», «Борышкер»  «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін нақты қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралары барынша қабылданып, ауданда және көше–жол тораптарында жол жүрісі ережелері сақталуына басты назар аударылып, қатаң бақылауға алынды. Бұл жұмыстар алда жалғаса бермек.

-Әлімхан Айдарханұлы, мереке қарсаңында оқырманға өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы да қысқаша айтып берсеңіз.

-Мен еңбек жолымды Жамбыл облысы ІІД Ақпараттық технологиялар қызметі басқармасының байланыс бөлімінің инженері болып бастағанмын. Кейін Талас ауданында криминалдық полиция бөлімі аймақтық-аумақтық тобының жедел уәкілі, Талас аудандық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары, мүліктік қылмыстарды ашу тобының аға жедел уәкілі, аудандық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы қызметтерін атқарғанмын.

2017-2018 жылдары облыстық Полиция департаментінде Криминалдық полиция басқармасының ұйымдастыру, бақылау және қамтамасыз ету бөлімінің «К» тобындағы аса маңызды істер (талдамалық барлау және компьютерлік қылмыстар) бойынша аға анықтаушысы, Криминалдық полиция басқармасының «К» тобындағы аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі, 2018-2022 жылдар аралығында Меркі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары болып еңбек еттім. Ал, 2022 жылдың ақпан айында Қордай аудандық полиция бөлімі бастығы қызметіне тағайындалдым.

-Мереке қарсаңында әріптестерге тілегіңіз…

-Қазақстан полициясы — бейбіт күніміз бен ашық аспанымыздың тыныштығын қадағалап, қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Осыған байланысты кәсіби біліктіліктеріңіз бен Отан алдындағы сертке адалдықтарыңыздың арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта береді деп ойлаймын. Еліміз үшін атқарып жатқан абыройлы міндеттеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.