«ҚАҚПАТАС-ҚОРДАЙ» ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ЖОЛЫНДА

0

Көктем шығып дала төсіне дән себілген күннен-ақ, шаруашылықтардың ілгері ісін газет бетіне үздіксіз жариялап келеміз. Таудай талабымен шаруасын шалқытып, дамудың даңғыл жолына түскен серіктестіктер аз емес. Солардың бірі «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ісі ілгері басқан серіктестікке Әлімбай Қошалиев жетекшілік етуде. Жақында аталмыш ұжымның жұмысымен танысудың сәті түскен болатын.

Әке жолын жалғастырып, ата кәсіптің жүгін арқалап жүрген Әлімбай Дүйсеханұлы «адам баласы елге қызмет етуі тиіс» қағидасын берік ұстанады. Әңгімені әріден бастайық. Серіктестіктің тыныс тіршілігіне салмақ салып саралайтын болсақ, қиын кезеңдерде құрылыпты. Алғашқы жылдары көптеген күрделі істі бастан өткізген құрылымның бүгінде аяқ алысы жаман емес. Жүйелі жұмысты мықтап жолға қоюдың арқасында бірнеше бағытты қатар алу мүмкіндігі туды. Осының бірі – асыл тұқымды мал басын көбейту. Жалпы айтқанда өз иелігінде 600-ден астам «Швиц», «Алатау» тұқымды етті-сүт бағытындағы ірі-қара бағып отыр. Қазіргі таңда сүтке сұраныс артып келеді. Басшысының айтуынша, шикі күйінде жиналған сүтті Алматы қаласында орналасқан «Райымбек Агро» сүт өнімдерін шығаратын зауытына жеткізіп тұрады екен.

— Қыс бойы малдардың қоңын түсірмей бағып шығамыз. Төлдерді күтіп-баптап, сүт өндіреміз. Басқа да шаруаларға жоба-жоспар жасаймыз. Өздеріңізге белгілі, көктем шыға жұмыс қызып сала береді. Мал басын көбейтуді басты бағыт етіп ұстанып отырмыз, — дейді серіктестік басшысы. Мал өсірумен бірге диқаншылықты қатар алып жүрген шаруалар қысқа дайындық жасауға қамданып кеткен. Биыл аумағы 2000 гектарға жуық егістік алқабына арпа-бидай дәнді дақылдары мен жоңышқа егіліп, дайын өнімді жинап алу үшін еңбекші қауым егістік алқабында жүр. Серіктестік жұмысы ауылшаруашылық техникаларының көмегімен жүзеге асырылуда. Айта кету керек, өзін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтай қамтамасыз етіп отырған аудандағы бірден бір серіктестік. Бірқатар техникаларын «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы тиімді шарттармен алып, сондай-ақ Үкімет тарапынан жаңар-жағармай және арзандатылған тыңайтқыштармен қамтылуда.

Президент Жолдауында міндеттелген ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту міндеттерін толықтай орындап отырған «Қақпатас-Қордай» ЖШС-нің тыныс тіршілігі міне, осындай.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.