Пияз өндірісі мен сақтау ісі

0

Қордай ауданы ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар, егіншілік мәдениеті қалыптасқан өңірлердің бірі. Әсіресе, пияз өсіру бағытында ауданның әлеуеті жоғары. Қордай диқандары жыл сайын мол өнім жинап, Жамбыл облысының ғана емес, республика көлеміндегі пияз өндіруші жетекші өңірлердің қатарынан көрініп келеді.

Күз мезгілінде егістік алқаптарында қызыл пиязды жинау науқаны қыза түсіп, дала төсінде тынымсыз еңбек еткен шаруалардың маңдай тері мен төккен күш-жігерінің нәтижесі айқын көрінеді. Диқандар үшін әрбір кезеңнің өзіндік қиындығы бар. Ең алдымен, тұқымның сапасы, жердің құнарлылығы, суару жүйесінің тиімділігі және ауа райының қолайлы болуы өнім көлемі мен сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе, тұрақты су көзінің болуы – мол өнім алудың басты шарттарының бірі. Ал егіс науқаны басталған сәттен-ақ шаруалар табиғи жағдайларға байланысты түрлі тәуекелдерге дайын болуы керек. Көктемгі ауа райының құбылуы, жазғы аптап ыстық пен су тапшылығы егіннің өсіп-жетілуіне айтарлықтай ықпал етеді.

Соған қарамастан, қордайлық шаруалар пияз өсіруді табысты кәсіпке айналдырып, жыл сайын егіс көлемін игеріп, өнім өндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Себебі бұл дақылдың экономикалық тиімділігі жоғары.

Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған арнайы қоймалардың маңызы зор. Бүгінде, пияз өндірісінде заманауи талаптарға сай жабдықталған қоймалар шаруалардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өнімнің өзіндік құнын сақтауға және нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өнімді жинаған бойда түгелдей сатуға асықпай, қолайлы жағдайда сақтап, сұранысқа қарай нарыққа шығару – шаруашылықтың экономикалық тиімділігін арттыратын маңызды тетіктердің бірі.

Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауылдағы 107 шаруа қожалығы өз алқаптарынан жинаған пияз өнімдерін арнайы қоймаларға орналастырып, сақтау мүмкіндігін пайдаланып отыр. Бұл шаруашылықтар үшін егін науқаны аяқталғаннан кейін де өніммен жүйелі жұмыс жүргізуге жол ашады. Жиналған пиязды бірден өткізуге мәжбүр болмай, оны белгілі бір уақыт аралығында талапқа сай жағдайда сақтау шаруаларға өнімді тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарында да пияз сақтауға арналған шағын қоймалар бар. Олардың сыйымдылығы 50-100 тоннаға дейін жетеді. Бұл – ауылдағы жеке шаруашылықтардың да ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау ісіне бейімделіп, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отырғанының көрінісі. Шағын қоймалар тұрғындарға өз еңбегінің нәтижесін сақтап, өнімді өткізу мәселесін алдын ала жоспарлауға жағдай жасайды. Қоймалардың тағы бір артықшылығы – олардың заманауи технологиялармен жабдықталуы. Мұндай нысандарда өнімді сақтауға қажетті жағдай жасалып, температура мен ауа алмасу талаптарын реттеу арқылы пияздың үсіп кетуіне, шамадан тыс ылғалдануына және бұзылуына жол бермеуге мүмкіндік туады. Сақтау талаптарының дұрыс орындалуы өнімнің сапасын ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, күзде жиналған өнімді қыс және көктем айларында да тұтынушыға сапалы күйінде ұсыну үшін маңызды. Өйткені өнімнің сақталу мерзімі мен сапасы оның нарықтағы бағасына, тұтынушылар сұранысына және шаруаның түсетін табысына әсер етеді. Мұндай қоймалардың экономикалық тиімділігі де жоғары. Біріншіден, өнімнің ысырапқа ұшырау қаупі азаяды. Екіншіден, шаруалар өнімді сақтауға мүмкіндік алып, оны өткізу мерзімін өз жағдайына қарай жоспарлай алады. Үшіншіден, сапалы сақталған өнім нарықта бәсекеге қабілетті болады. Бұл өз кезегінде өндірушілер арасында сапаға деген жауапкершілікті арттырып, ауыл шаруашылығы саласында бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал етеді. Бәсекелестік бар жерде өнім сапасын жақсартуға, шығынды азайтуға және жұмыс тәсілдерін жетілдіруге деген ұмтылыс күшейеді.

 Ә.САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.