ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БЕРЕКЕ

0

Ауыл – алтын бесік, берекенің бастауы, тіршіліктің қайнар көзі. Оның тыныс-тіршілігі мен табиғи болмысында ерекше бір жылылық бар. Таң сәріден тіршілігін бастаған ауыл адамдары жыл он екі ай тынымсыз еңбек етіп, жердің төсінен несібе тереді. Бірі мал бағып, бірі егін егіп, енді бірі шаруашылықтың сан саласын қатар алып жүріп, ел ырысын еселеуге үлес қосады.

Ауылдың ажары да, мерейі де – маңдай терімен нәпақасын тапқан еңбек адамдарының қолында. Сондықтан ауылдағы әрбір науқан, әрбір жиын-терін нағыз төзім мен табандылықты, іскерлік пен ұйымшылдықты талап ететін жауапты кезең. Күз келісімен дала төсінде қызу еңбек басталады. Жаз бойы жайқалып өскен егіннің жемісін жинап, қамбаны астыққа толтыратын шақта ауыл тіршілігі бұрынғыдан да жандана түседі. Көктемде жер жыртып, дән сепкен диқанның жаз бойғы еңбегі дәл осы кезеңде бағаланады. Жерге сіңген әрбір дәннің өнімге айналуы – тынымсыз тірліктің, табиғатпен тіл табыса білудің және шаруаны ұршықша иірген тәжірибенің нәтижесі. Күзгі даладағы еңбек көрінісі де ерекше: бір жерде комбайндар тынымсыз қозғалып, енді бір алқапта жиналған өнім көлікке тиеліп, қамбаға қарай жол тартады. Осындай қарбалас сәттерде ауылдың еңбекке деген құлшынысы мен берекелі тіршілігі айқын аңғарылады. Ауыл шаруашылығының бүгінгі тыныс-тіршілігін көзбен көріп, егіс алқаптарындағы еңбек дүбірін сезіну мақсатында біз редакция тілшілері аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің статист маманы Ғалымжан Оспановпен бірге жолға шықтық. Мақсатымыз – күзгі науқанның барысымен танысып, маңдай терімен мол өнім өсіріп отырған шаруалардың еңбегін көрсету, ел ырысын еселеуге үлес қосып жүрген азаматтардың тіршілігіне үңілу. Бағытымыз – Степной ауылдық округі. Бұл өңірде де күзгі жиын-терін жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауыл еңбеккерлері жаз бойы күткен сәтке жетіп, алқаптағы өнімді ысырапсыз жинауға күш салуда. Біз Аманхан Рысымбетов жетекшілік ететін «Қазақстан-2030» шаруа қожалығының егіс алқабына ат басын тіредік. Күздің қоңыр салқыны сезілгенімен, дала төсіндегі еңбек қарқыны бір сәтке де бәсеңдеген емес. Жайқалған жүгері алқабының арасынан шаруалардың қимылын, өнім тиеген көліктердің қозғалысын көріп, ауылдағы науқанның қызған шағына куә болдық. Көз ұшына дейін созылып жатқан жүгері алқабының әр сабағында жаз бойғы еңбектің ізі бар. Көктемде жерге дән салып, оны күтіп-баптаудан бастап, суару, арамшөптен тазарту, өсімдіктің жай-күйін бақылау секілді жұмыстардың бәрі де диқаннан ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Жердің бабын тауып, судың мөлшерін реттеп, егіннің өсіп-жетілуіне жағдай жасау оңай шаруа емес. Оның үстіне ауа райының құбылуы мен табиғи жағдайлардың дақылға әсері бар. Осындай сындарлы кезеңдерде тәжірибе мен еңбекқорлықтың маңызы арта түседі.

Алқаптағы көрініс көңіл қуантады. Күздің берекесі төгілген егістіктен жүгері тиелген автокөліктер шаруашылық жұмысының жүйелі ұйымдастырылғанын аңғартады. Мұнда уақыттың әр минуты бағалы. Өйткені өсірілген өнімді дер кезінде жинап, тиісті орынға жеткізу – еңбектің нәтижесін сақтап қалудың маңызды бөлігі. Бірі өнімді жинауға атсалысса, енді бірі көлікке тиеп, тасымалдау жұмысын үйлестіреді. Әркім өз міндетін мінсіз атқарғанда ғана ортақ істің берекесі артады. Шаруа қожалығының жетекшісі Аманхан Рысымбетовтың айтуынша, биыл шаруашылық осы алқапқа 23 гектар жерге жүгері еккен. Егіншілікпен айналысуда мол тәжірибе жинақтаған шаруа жерді тиімді пайдалануға, су ресурстарын үнемдеуге және өсірілген өнімнің сапасын арттыруға ерекше мән береді. Оның сөзінен ауыл шаруашылығының жай ғана күнкөріс көзі емес, үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті қажет ететін кәсіп екені аңғарылады. Жерге дән себу – істің бастамасы ғана. Шаруашылықтың өнімді жұмыс істеуіне септігін тигізіп отырған маңызды қадамдардың бірі – тамшылатып суару әдісін қолдануы. Аманхан Рысымбетов 2015 жылдан бері осы технологияны пайдаланып келеді. Қожалық иесі шаруашылықтағы жұмыстың жүйелі жүруіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін де ерекше бағалайды. Әсіресе қожалық бригадирі Ириш Гадиевтің атқарып отырған жұмысына тоқталып, оның еңбегін жоғары бағалады. Шаруашылықтың күнделікті тіршілігін ұйымдастыруда бригадирдің орны айрықша. Егіс басындағы жұмыстардың уақытылы атқарылуын қадағалау, еңбек тәртібін сақтау, жұмысшылардың ісін үйлестіру – үлкен жауапкершілікті қажет ететін міндеттер. Бір қарағанда, көзге көріне бермейтін осындай жұмыстардың артында да қажырлы еңбек пен тәжірибе жатыр. Жалпы, ауыл шаруашылығында табысқа жету бір адамның ғана еңбегімен өлшенбейді. Оның артында бір мақсатқа жұмылған ұжымның, әр істің ыңғайын білетін мамандардың және шаруашылықтың дамуына мүдделі азаматтардың еңбегі тұрады. Егіс алқабында атқарылған жұмыстың нәтижесі де осындай өзара үйлесім мен жауапкершіліктің арқасында көрінеді. Әркім өз ісіне адал болып, ортақ мақсат жолында күш біріктіргенде ғана еңбек өнімділігі артып, шаруашылықтың берекесі еселене түспек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.