АВСТРИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ҚОРДАЙДА

0

Осы аптада Қордай ауданына жұмыс сапарымен Австрия мемлекетінен инвесторлар келді. «Rinderzucht Austria» компаниясы Европадағы мал шаруашылығы саласында 70 жылдан астам қызмет етіп келген беделді құрылым. Олар тек Австрия және Еуропада емес, алыс шетелдерде де мал шаруашылығы саласындағы заманауи жабдықтар мен құрылғыларды ұсынып, жануарларды күтіп-ұстаудағы әдістерді таратып жүрген компания.

Осы ретте «Rinderzucht Austria» компаниясының өкілдері арнайы шақыртумен «Бай-Нұр» шаруа қожалығына келді. Құрметті қонақтарды Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов, «Бай-Нұр» шаруа қожалығының басшысы Айман Ашимова және қаржылық директоры Саят Жетібаев қарсы алды. Ал, Австрия тарапынан «AAC Австрия» арго класстерінің бас директоры Герман Визер, Берчласка фирмасының өкілі Мансур Хурматов, «Сементал Австрия» палатасының өкілі Патрик Шмидседер, Австриялық агрокластердің Қазақстандағы өкілі Ирина Сулименко, Австриялық желдеткіштер жүйесін насихаттаушысы Петер Манаке және ABD GEentics австриялық компаниясының өкілі Бауыржан Разак қатысты.

«Бай-Нұр» шаруа қожалығының басшысы Айман Ашимова жаңадан салынатын 1500 басқа арналған сүтті-тауарлы фермасы жобасымен таныстырып, сүтті бағыттағы сиырларды және құрал-жабдықтарды Австрия мемлекетінен алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Аталған фермасы іске қосылса әр сиырдан жылына 5800 литр сүт сауылып, жобалық қуаттылығы жылына 8700 тонна сүт өндірілетін болады.

Өз кезегінде Австрия елінен келген инвесторлар ауыл шаруашылық саласындағы жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтарды ұсына алатындарын айтып, әріптестікке дайын екендерін жеткізді. Келіссөздерден кейін «Бай-Нұр» шаруа қожалығының өкілдері қонақтарға шағын экскурсия ұйымдастырды. Олар алдымен «Первомайские деликатесы» ЖШС-нің мал сою цехына, «Гринвил» ЖШС-нің аквопоника жылыжайына, кейіннен «Бай-Нұр» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңына барып, танысып шықты. Осыдан кейін «Аманат» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудан шаруаларымен кездесу өтті. Жиынға аудандағы 14 шаруа қожалығының басшылары қатысып, мал шаруашылығы саласындағы озық технологиялар, осы саланы дамыту жолдары жайында ақпарат алды.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.