31 ДАУ СӘТТІ ШЕШІМІН ТАПҚАН

0

Елбасының Жоғарғы Сотқа берген тапсырмасына байланысты бүгінде қоғам өмірінде орын алатын кейбір дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешу жолдары қарастырылуда. Оған ардагерлер ұйымдарын тарта отырып, соттардың ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастады.

Қордай аудандық Билер кеңесі 2018 жылы  аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылып, құрамы 5 адамнан бекітілген. Оның бөлімдері ауылдық округтерде, құрамы 3 адамнан бекітіліп, жұмыс істеуде. Қазіргі кезде аудан бойынша билердің жалпы саны 76-ға жетіп  отыр. Билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделі, абыройы бар, ақыл-парасаты мен өмірлік тәжірибесі зор ардагерлер, дін өкілдері тартылған. Солардың араласуымен жер-жерде ағайын мен отбасы арасында дау-жанжалдар сотқа дейін шешімін табуда. Билеріміз өздері тұратын ауыл аймақта дауласқан екі тарапты татуластыруда өз жәрдемін тигізіп келеді.

Бүгінде билер кеңесі аудандық ардагерлер орталығында жұмыс істеуде.  Мұнда бітімгерлерге әдістемелік құралдармен жабдықталған арнайы татуласу бөлмесі ашылған. Онда «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» бұрышы жасақталып, келушілерге  қолайлы жағдай жасалған.

2019 жылы билер кеңесінің бастамасымен аудандық сот, ІІБ, прокуратура, аудандық ардагерлер кеңесі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі мақсаты – қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын және ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Билер институтын жаңғыртып, бұқараның құқықтық сауатын арттыру және мәдениетін көтеру. Сондай-ақ, билер мен медиаторлардың жәрдемімен дауларды соттан тыс реттеуде билер кеңесінің, татуласу орталықтарының жұмысын үйлестіру көзделген. Осының арқасында билер кеңесі бүгінге дейін 128 даулы мәселені қарап, екі тарапты татуластыру бойынша шешімдер қабылдады.

Осы мақсатта аудандық Билер кеңесі аудандық сот төрағасы З.Абдикеримовпен сот-медиатр М.Алимановамен бірлесіп Билер кеңесінің жұмысын жандандыру бойынша үлкен іс-шаралар өткізді. 3-4 рет сот ғимаратында семинар жиындар өткізілді. Аудан әкімі жанындағы «Бастау» отбасылық жұмысшы тобымен байланысты жақсартты. Соның әсерінен қазан-қараша-желтоқсан айларында Билер кеңесінің жұмысы жанданып үлкен істер атқарылды. Тек осы айлардың ішінде 47 іс қаралды, басым көпшілігі жастардың ажырасу мәселелері – 28, соның нәтижесінде – 15 отбасы татуласты, 17 құқық бұзушылық іс қаралып оң шешімін тапты, сотқа жеткізілмей тараптардың татуласуымен тоқтатылды.

Сондай-ақ, сот ғимаратында Билер бөлмесі ашылып, соттармен бірлесіп 21 іс қаралып татуласумен  тоқтатылды.

Бір атап өтерлігі, билер кеңесінің араласуымен шешімін тапқан мәселелерден кейін, жалпы жұртшылықтың оған деген сенімі артып келеді. Мәселен, өткен жылы билер кеңесі ауданда 31 дау-жанжалды сауатты шешіп, екі тарапты татуластырды, жалпысы 2020-жылы – 128  іс-қаралды.

Қаралған істердің көпшілігі, негізінен, жеңіл желпі, ұрлық-қарлық, отбасы жағдайлары, ата-ана мен балалар қатынасы, көршілер қатынасы, ұрыс-керіс болып табылады. Қаралған істердің көпшілігі оң  шешімін тауып, адамдар татуласып, бітімгершілікке келді.

Ежелден билеріміз ердің құнын бір ауыз сөзбен шеше білген. Сондай-ақ жер мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай ақылдаса отырып шешіп келген халықпыз. Сол кезде қазақ сахарасында ақсақалдар мен билердің дала институты жұмыс істегенін білеміз. Ел үлкеннің сөзіне тоқтаған. Қандай да бір түйіні қиын, шешімі  күрделі мәселені көргені мол, кемеңгер билеріміз бір ауыз сөзбен түйіндеп, тұтас рулы елдің, жалпы қазақтың бірлік-берекесін сақтап отырған. Сол үрдіс бүгін де сабақтастығын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қаймағы бұзылмаған ауылдарда әулеттің үлкеніне бағыну, ауылдың ақсақалы айтқан шешімге бас  ұру үрдісі ішінара болмаса да ел ішінде сақталған. Ал бүгінгі таңда араздасқан ағайынды, ажырасқан жастарды қариялар, аузы дуалы ақсақалдар мен билер ара түсіп, татуластырып, табыстырып жатса, сауап іс емес пе?

Осы жерде айта кету кереу, қаралған істердің көпшілігі аудандық билер кеңесіне тиесілі – 108 іс, одан кейін Қарасай ауылдық округі — 8 іс (төраға – А.Валиев), Жамбыл а/о – 7 іс (төраға – Ж.Оразшаев), Бетқайнар а/о – 5 іс (Қ.Онгельдиев), қалған а/о билері өздерінің толық мүмкіншіліктерін пайдаланбай отыр. Оның себебі ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар арасында ардагерлер кеңесі мен билер кеңесімен әлі де тығыз байланыс болмай тұр.

Татулық, бітімгершілік – ол біздің болашағымыз, ол біздің отбасымыздың, балаларымыздың болашағы. Қордай аудандық Билер кеңесі халық арасында бірлік-берекені сақтау жолында ізгі істерін жалғастыратын болады.

 

Б.Әлімбет, Қордай аудандық  Билер кеңесінің төрағасы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.