Сейсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы алдымен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында кездесу өткізді. Жиынға Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі А.Ашимова, партия аудандық филиалының төрағасы Б.Жамангозов, аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай және партия атынан сайланған аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Мәжіліс депутаты Г.Нұрымова алдымен азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар мәселесі бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осыдан кейін халық қалаулысы Қаракемер ауылына сапар шегіп, аудандық маңызы бар Қаракемер-Керу автомобиль жолының ахуалымен танысты. Келесі кезекте Масаншы ауылдық округінде орналасқан Қарақоңыз су қоймасы нысанын аралады. Іс сапар барысында бірқатар тұрғындардың талап тілегін тыңдап, өз бақылауына алып, тиісті органдарға жолдайтынын жеткізді.