Тәуелсіздігіміздің таңы атқан жылдарда біздің елімізде бұқаралық спортты дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Мемлекет спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым маңызды бағыттар санатына қосып келеді. Қордай ауданында бірнеше жылда спорттық нысандардың саны артып, тұрақты түрде спортпен шұғылданушылардың саны өсті. Осыған дәлел ретінде сейсенбі күні Жамбыл ауылында шағын футбол және стрит-воркаут алаңы ашылды.
Бұл игі іс аудандағы бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталады. Осы орайда Жамбыл ауылының жастары бос уақытында пайдалы іспен айналысып, дене шынықтыру мүмкіндігіне ие болды. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, спорт саласының қызметкерлері және ардагерлері, ауыл тұрғындары жиналды.
— Астана күні мерекесінің қарсаңында Жамбыл ауылында орын алған керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Биыл аудан бойынша 11 елді мекенде осындай шағын футбол алаңын салу жоспарланды, міне біреуі Жамбыл ауылында ашылды. Баршаңызды осы қуанышпен құттықтаймын. Осы ауылдан бетке ұстар спортшылар тәрбиеленсін, — деген Дамира Маратқызы сөз кезегін ауыл ақсақалы Шарапатдин Пахраддиновке берді. Ол аудан басшылығына және осы істің басы қасында жүрген ауыл әкіміне алғысын айтып, ақ батасын берді.
Спорттық нысанның лентасы қиылып, дәстүрге сай шашу шашылған соң, ауыл балаларынан құрылған қос команда алғашқы ойын өткізді.