Сәрсенбі күні аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева жүргізген отырысқа кеңес мүшелері, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі, Қордай ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы және «ҚазСуШар» мекемесі аудандық филиалының өкілі қатысты.
Күн тәртібіне аталған бөлімдерге жасалған мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын зерделеу жұмыстарының нәтижесі және аудандағы ауылшаруашылық мекемелерін сумен қамтамасыз ету мәселелерін зерделеудің нәтижесі қаралды. Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жасалған мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын зерделеу жұмыстарының нәтижесі тыңдалғанда бірқатар кемшін тұстар анықталған. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу фактілері орын алған. Осы туралы бөлім басшысы Ғабит Сейдекешке сұрақтар қойылып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту туралы ұсыныстар айтылды. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жасалған зерделеудің нәтижесінде ешқандай кемшілік анықталмағаны белгілі болды.
Осыдан кейін аудандағы ауылшаруашылық мекемелерін сумен қамтамасыз ету мәселелерін зерделеудің нәтижесі тыңдалды. Белгілі болғандай, Сарыбұлақ ауылдық округіндегі агроқұрылымдарға суармалы су тиісті мөлшерде жетпейді екен. Бұл туралы «ҚазСуШар» мекемесі аудандық филиалының өкіліне бірқатар сұрақтар қойылды. Осы ретте суармалы су мәселесі шешімі толық табылмай келген өзекті проблемалардың қатарында екені айтылып, бірқатар ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Жиын соңында қаулы жобасы әзірленіп, тиісті шешімдер шығарылды.