БИОГУМУС – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ӨНІМ АЛУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

0

Қазіргі заманда органикалық өнім алу, өсімдік шаруашылығында зиянды химикаттарды пайдаланбау жайында көп айтылады. Оның себебі тұтынушылардың экологиялық таза өнімге деген сұранысының артуы. Әрине, ауыл шаруашылығы саласында минералды тыңайтқыштар көп. Олардың құрамында өсімдіктерге қажетті негізгі қоректік элементтер – азот, фосфор, калий бар. Тыңайтқыштар мәдени дақылдардың  өнімі мен сапасын арттыру үшін қолданылады. Бірақ, минералды тыңайтқыштардың зияны да жоқ емес. Сондықтан да егіннің сапасы мен көлемін жақсартатын табиғи препаратқа ештеңе жетпейді.

 

Көпшілікке белгілі қауіпсіз әрі табиғи тыңайтқыштың бірі – биогумус. Оның құрамында өсімдіктердің өсуіне қажетті элементтер, топырақ құрылымын байытатын және жақсартатын заттар көп. Дүние жүзінің ауыл шаруашылығы ғалымдары биогумустың пайдасын растайды. Биогумус дегеніміз – арнайы саңырауқұлақтар мен бактериялардың көмегімен, жауын құрттары табиғи түрде өңдейтін органикалық заттар (оны вермикомпост деп те атайды).

Қордай ауданында аталған биогумус саласы дамып келеді. Пайдалы, әрі өсімдіктің тез бой алуына септігін тигізетін тыңайтқышты дайындайтын іскер азаматтардың саны артуда.

Сондай азаматтың бірі – Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Бақтығали Құдайбергенов. Ол осы әдіспен экологиялық таза өнім өсіруді мақсат етіп, әрекетке көшеді. Өзінің жері болмағандықтан бақша егуге жер іздейді. Осы мәселемен аудан әкімінің қабылдауына жазылып, Бегзат Болатбеков оның сұрауын қолдады. Осылайша аудан әкімінің қаулысымен Бақтығали Құдайбергеновке бір гектар жер бес жылға жалға берілді.

Бақтығали Құдайбергенов өзі бірінші топтағы мүгедек, бірақ оған қарамастан еңбек етуден қашпайды. Оның қолдаушылары – осы биогумус саласын зерттеп жүрген достары және өзінің бала-шағасы бар. Олар бірігіп «Qazverm Қордай» атымен экологиялық таза өнімді өсіруге бел буды.

Биыл олар жүгері, қарбыз, қызанақ, тәтті бұрыш, картоп егіп, тыңайтқыш ретінде биогумусты пайдаланды.

— Бірінші жылы біз осы әдісті сынап көрдік. Биогумус –  әмбебап әрі ең табиғи тыңайтқыш. Ол  жылыжайда, ашық жерде және үй ішінде өсірілетін дақылдардың бәріне бірдей жақсы әсер етеді. Өнімді қолданғаннан кейін топырақтың құнарлылығы бірнеше жыл бойы сақталады. Сонымен қатар, біздің тәжірибеміз көрсеткендей, өнім өте жақсы болып шығады. Мысалы, қарбыз орташа 20-25 келіден берді. Мақсатымыз – тұтынушылардың денсаулығына пайдалы өнім ұсыну. Сондай-ақ, құнарсыз жерді қалпына келтіру. Диқандарға осы табиғи тыңайтқышты қолдануды ұсынамын, — дейді диқан.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.