Әкімдердің азаматтарды қабылдауы – билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды тетігі екені белгілі. Мұндай тікелей диалог тұрғындардың қажеттіліктерін жақсы түсінуге, туындаған проблемаларды дер кезінде шешуге көмек береді.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков азаматтарды кезекті мәрте қабылдады. Қабылдауға жазылған 10-нан астам тұрғын аудан басшысына көкейіндегі сұрақтарын қойып, толғандырған мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал етуін сұрады.
Азаматтар шара барысында әртүрлі сипаттағы мәселелерді көтерді. Олардың қатарында тұрғын үй, жер, инфрақұрылым, білім, жұмыспен қамту саласына қатысты өтініш-тілектерін арқалай келгендер, қиын өмірлік жағдайда көмек сұрап келген аудан тұрғындары да болды.
Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында қабылдауға тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты. Бұл кейбір мәселелерді сол жерде пысықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік берді.
Барлық азаматтардың мәселесін мұқият тыңдаған Бегзат Сейсенқұлұлы әр сұрақ назарға алынатынын жеткізіп, жауапты тұлғаларға оларды заң аясында шешуді тапсырды.