Облыс әкімі бақ өкілдерімен кездесті

0

Жыл басынан бері 12 инвестициялық жоба іске қосылды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізді. Ол БАҚ өкілдеріне инвестиция тарту және инвестициялық саясаттың негізгі бағыттары туралы тарқатып айтып берді.

Жыл басынан бері 247,3 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артық. 2024 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 702 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Өңірдің инвестициялық қоржынында 2,5 трлн. теңгенің 70 жобасы бар, бұл 6,3 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Биыл 228,5 млрд. теңгеге 19 жоба (1 432 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 139 млрд. теңгенің 12-і жобасы (405 жұмыс орны) іске қосылды. Олардың қатарында жаңа өңдеу зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм-қиыршық тас шығаратын зауыт, сүт өнімдерін өңдеу цехы бар.

Ербол Қарашөкеев жақын арада инвесторларға ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындары пайдалануға берілетінін хабарларды. Қазірдің өзінде салынып жатқан өндіріс орындарының 30 пайызына (шамамен 15 мың шаршы метр) өтінім берілген.

Биылғы жылдың мамыр айында «Тараз» ӘКК базасында отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекцияның сүйемелдеуінде әр түрлі саладағы 30 жоба бар, оның 9-ы жақын арада іске қосылады деп жоспарлануда.

Жыл соңына дейін бірқатар ірі өндіріс ошақтарын іске қосу көзделуде. Атап айтқанда, «KORCEM» цемент өндіру зауыты, «Karatau Chemicals» пиросульфит өндіру зауыты және Шытаркөл байыту фабрикасы бар.

 

«Ауыл аманаты»: 4000 мыңнан аса жамбылдықтың жобасы қаржыландырылды

Жамбыл облысының ауылдық елді мекендерінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 500 шағын кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл азаматтарын нәтижелі жұмыспен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 51 ауылдық округ қамтылды. 25,5 млрд. теңгеге 4 076 жоба қаржыландырылды. 152,2 мың бас мал мен 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Биыл мамыр айында жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуға 600 млн.теңге бөлініп, 89 бірлік техника алынды.

«Ауыл аманаты» жобасы барлық саланың дамуына серпін береді. Ағымдағы жылы 10,5 млрд. теңгеге 1200 жоба қаржыландырылады. 2025 жылы 10 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауылдық елді мекендерде 500-ден астам шағын кәсіпорын ашылады деп болжануда.

Өңірде 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 пайызға ұлғайды, ірі қара мал санын 7,9 пайызға, қой – 21,9 пайызға, жылқы – 5,8 пайызға, ет өнімдерін өндіру (тірі салмақта) – 2,2 пайызға, сүт – 1,1 пайызға өсуі қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 21,4 млрд. теңге субсидия бөлінді.

Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешен саласында жоспарланған 20 инвестициялық жобаның 9-ы (9,7 млрд. теңге) іске қосылды.

Бұдан бөлек, Ербол Қарашөкеев суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының жалғасып жатқанын жеткізді. Бекітілген Жол картасы аясында 2028 жылға дейін 124 мың гектар егіс алқабын қалпына келтіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 47,5 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, жергілікті бюджет есебінен 9, республикалық бюджеттен 3 су қоймасын салу қолға алынады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптар толық сумен қамтамасыз етіліп, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту және ауыл шаруашылығы өнімінің 2 есеге артуы күтілуде.

 

Облыста жыл соңына дейін 51 көппәтерлі тұрғын үй салынады

Жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 750 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде. Бүгінде құрылысы жүріп жатқан 2 909 пәтерлі 56 үйдің 51-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру (2 569 пәтерлі) жоспарланған.

Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге «Әулиеата жастары» бағдарламасы ықпал етті. Биыл баспаналы болуы бақыты 140 жас маманға бұйырады.

Тұрғын үй құрылысына және пәтер сатып алуға 40,8 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық (2023 жылы – 23,2 млрд. теңге).

Тараз, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында 5,9 млрд. теңгеге 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд.теңгеге 1 575 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Халықты көгілдір отын және тіршілік нәрімен қамту – басты назарда.

22 ауылдық елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, 15 ауылға кешенді-модульдік блоктар орнатылады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 94,9-дан 98,1 пайызға дейін артады.

Бұдан бөлек, 5 мың адам тұратын 3 елді мекенді газдандыру бойынша 12 жоба іске асады.

Жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 25,2 млрд.теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес жақсы және қанаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99 пайызға, көше жолдары желісін 87 пайызға жеткізу міндеті тұр.

 

10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны: 14 мыңнан астам жамбылдықты жұмысқа орналастыру жоспарлануда

Ербол Қарашөкеев халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтып берді. Облыс әкімінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 14 331 азаматты жұмысқа орналастыру көзделуде. Бүгінге дейін 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылған, қосымша тағы 8 мың жұмыс орны құрылады.

Биыл әлеуметтік салаға 43,6 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 67 357 жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінге оның 38 961 ашылды (23 527 – тұрақты, 15 434 – уақытша).

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 31 614 адам тартылды (жоспар – 47 951). Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды іске асыру қортындыларына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 42,2 мыңнан 9,5 мың адамға азаяды деп күтілуде.

 

Жамбыл облысында мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешілуде

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 18 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Нәтижесінже орын тапшылығы бар 9 мектеп, 4 үш ауысымды, 3 ескірген, апатты жағдайда тұрған 2 білім ошағының мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Жаңа оқу жылында 6 мектеп балалар игілігіне берілді. Жалпы 2024-2025 жылдары 41 білім беру нысанының құрылысы жүргізіледі. Биылғы жылы 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделген. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған, оның алтауы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Осыдан бөлек, 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 206 білім беру ұясы модификация кабинеттерімен жабдықталды.

Денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейін төмендету бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Биыл 26 денсаулық сақтау нысанын құрылысын жүргізу жоспарланса, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 20 нысан пайдалануға беріледі.

Бүгінде Жамбыл ауданы Қостөбе ауылында медициналық пункт, Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр.

4,7 млрд. теңгеге 38 санитарлық автокөлік және медициналық жабдықтар сатып алынады. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық жабдықтармен қамтылу деңгейі 96,7 пайызға жетеді (2023 жылы – 91,9%).

Мәдениет және спорт салаларында да ауқымды құрылыс жұмыстары іске асужа. Қазір 15 спорт кешені мен 16 мәдениет нысанының құрылысы қарқын алған. Бүгінгі күні жоспарланған 74 спорт алаңының 45-і ел игіліген берілді.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.