Бүгінгі күні жастардың белсенділігі, шығармашылық қабілеттері және жаңашыл ойлары қоғамның дамуына үлкен серпін беруде. Олар – жаңа идеялар мен инновацияларды жүзеге асырып, түрлі салаларда өздерін көрсетіп жүрген ұрпақ. Тек жеке жетістіктерімен шектелмей, қоғамның, елдің өркендеуіне үлес қосуға ұмтылып жүрген осындай жастардың бірі – Айнұр Абдулмақсұт.
Айнұр – заман талабына сай бірнеше тілді меңгерген білікті ұстаз. Тараз қаласы Айша бибі атындағы қазақ-түрік қыздар лицейін бітірген ол бүгінде №7 Бетқайнар колледжінде әдіскер әрі ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жас маман өзінің кәсіби жолын ауылдан бастауды шешкен. Ол мемлекет ұсынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық аймаққа барып, сол жерде еңбек етуге бел байлады. «Өзім Байзақ ауданының тумасымын, ұстаздар әулетінен шыққанмын. Әжем, әкем мен анам да саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жандар. Мен де ата-анамның жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдадым. Алматы қаласында магистратураны оқып жүріп, жолдасыммен таныстым. Оқуды бітіргеннен кейін үйленеміз деп шешіп, киелі Қордай жеріне келін болып түстім әрі еңбек жолымды осында бастадым. Қордай ауданы мені құшақ жая қарсы алды. Осында келгелі өсіп-өніп жатырмын, ана атандым, үйлі болдық, шүкір. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Қалада оқығаныммен, әрдайым бүйірім ауылға бұрып тұрады. Ауылды көркейтетін адамдар да керек қой»,-дейді кейіпкеріміз.
Ауылға келген алғашқы күннен бастап, Айнұр өзінің жаңашыл идеяларымен көзге түсті. Ол әрбір оқушыға жеке назар аударып, олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру үшін заманауи әдістемелерді пайдаланады. Жас әрі дарынды педагог қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Оның көптілділігі мен түрлі мәдениеттерді түсінуі студенттерге кеңірек ойлауға, әлемдік деңгейде білім алуға ынталандырады. «Тіл үйрену үшін ең алдымен қызығушылық және табандылық қажет. Сонымен қатар, күнделікті өмірде қолдану, үнемі біліміңді жетілдіру маңызды», — дейді ұстаз.
Айнұрдың ауылдағы қызметі тек мұғалімдікпен шектелмейді. Ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының біліктілігін арттыру курстарының тренері. Қордай ауданы ғана емес, Талғар, Алматы, Тараз қалаларына барып, ұстаздардың біліктілігін арттыруға үлес қосуда. Кейіпкеріміздің жан-жақтылығы мен жаңашыл көзқарасы қазіргі заманғы ұстаздың қандай болу керектігінің нақты көрінісі. «Менің туған күнім – 16 желтоқсан. Еліміз егемендік алған тарихи датада дүниеге келгенімді ерекше мақтан тұтамын. Жалпы адамның туған күнінің оның өміріне, мінезіне ықпалы барына сенемін. Мысалы, мен еркін ойлы, әрқашан әділдік жағында жүретін, алдыма қойған мақсатыма жетуге ұмтылатын адаммын. Мақсаттарымды қағаз бетіне түсіріп, жазып жүргенді ұнатамын. Бір қызық оқиғаны айтып берейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын күнделігіме «Біз жолдасым екеуіміз үйлі боламыз. Үйлі болуымызға үкіметтен де, туған-туыстан да қолдау болады. Үйімізге азанның дауысы естіліп тұратындай болады», деп жазып қойғанмын. Расымен де, өткен жылы қараша айында «Әулие ата жастары» бағдарламасы аясында Қордай ауылынан баспаналы болдық, және алған үйіміз орталық мешітке жақын орналасқан. Яғни, армандағанымдай күнде азанның дауысы естіліп тұрады. Айтқым келгені, адам алдына нақты мақсат қойып, оған жететініне шын ниетімен сенсе, орындалмайтын арман жоқ», — деп бөлісті Айнұр.
Кейіпкеріміздің алға қойған үлкен мақсаттарының бірі – «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып, тәжірибе алмасу. Бұл оның кәсіби өсуге және әлемдік деңгейде білімін жетілдіруге деген ұмтылысын көрсетеді. Айнұр өзінің білім беру саласындағы тәжірибесін кеңейтіп, елге оралып, жаңа буынды заманауи талаптарға сай оқытуды көздейді.
Еркін ойлы, батыл ұстаз ретінде Айнұр Абдулмақсұт болашақтың көшбасшыларын тәрбиелеуге үлкен үлес қосатынына сенеміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ