Қай бір кезеңдері тағдырдың тәлкегімен қасиетті қазақ даласынан қоныс тапқан сан түрлі ұлт өкілдері, бүгінде теңдігі бір, арманы ортақ халыққа айналып, туған елінің бірлігін бекем, тұғырын биік етуге атсалысып жатқан жайы бар. Осылайша, бірлік пен ынтымақтың арқасында басқа қонған бағымыз өзгеге үлгі болып келеді.
Қордай ауданында көптеген ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келетіні жайлы көп айтылады. Олардың бір-біріне деген құрметі, ыстық ықыласы қашанда үлгі бола бермек. Соның бір дәлелі ретінде Сортөбе ауылында құрылған «Ынтымақ» атты топ жайлы атап өтсек.
Бұл топты Двумар Сава есімді азамат 2020 жылы ұйымдастырды. Ең әуелі бес адамнан құрылған топ өмірдегі түрлі жағдайларда бір-біріне қолдау көрсету мақсатында құрылған екен. Кейіннен осы игі бастаманы қолдайтын азаматтар қатары артып, Қарасайдан Қарасу ауылына дейін етегін жайды. Әр елді мекенде бір белсенді азамат бар, ол сол ауылдағы тұрғындардың басын қосып, қоғамдық іс-шараларға қатысып отырады. Мысалы, топ өкілдері спорттық ойындар ұйымдастырып тұрады. Футбол, асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындар мерекелерде өтеді. Сонымен қатар, белсенділер ағаш көшеттерін отырғызу ісіне де атсалысады. Қаракемер ауылында және Қарасай ауылында көшеттер егіп, жасыл желектің артуына өз септігін тигізіп жүрген жайы бар.
— Біздің мақсатымыз – жәй ғана ауыл ауыл болып араласу, адамдардың арасында достықты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және де өскелең ұрпаққа үлгі көрсету. Бір бірімізге қонаққа барып, араласып тұрамыз. Той-домалақ, болмаса ас, құдай тамақ сынды іс-шараларға бір-бірімізді шақырамыз. Қуанышта да қайғыда да бірімізді қолдап, бауырмашылықты көрсетуге тырысамыз, — дейді Двумар Сава.
Биыл Сортөбе ауылына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин келіп, осы азматтарды марапаттап кеткен еді.
Белсенді азаматтар қоғамдық жұмыстарға да араласады. Олар өз қаражатына екі дана «КамАЗ» жүк көлігін сатып алып, сауапты істерді де атқаруда. Мысалы, бір жүк көлігімен тазалық іс-шараларында қоқыс шығарса, екіншісіне су толтырып өрт шыққан жағдайда өрт сөндірушілерге көмектеседі екен.
Бір сөзбен айтқанда, жәй ғана достық қарым-қатынастар үлкен игілікті қозғалысқа ұласып, еріктілердің саны күннен күнге артуда. Бүгінде бұл топта жүзге шақты белсенді азамат бар.