Айналасын сұлулыққа бөлеген

0

Сұлулыққа, әсемдікке сүйсінбейтін жандар кемде-кем. Әсіресе, жаны нәзік әйелдер қауымы құмар-ақ. Қазіргі заманда әрбір арудың өзіне қажетті күтім жасауына мүмкіндік мол. Қажет десе, сән салонына барып, бетін әрлеп, шашын сәндеп, әп-сәтте тырнағын өсіре алады. Соған сай сән салондары да көптеп ашылып, сұлулық саласының жұмысы қызып тұр. Бұрындары тек қала, аудан орталықтарында ғана болатын сән салондары қазір ауылды жерлерде де жарыса ашылуда. Мәселен, жуырда Жамбыл ауылдық округінің Жамбыл ауылында жаңа сұлулық салоны тұрғындарға есігін айқа ашқан болатын. Оның иесі – Лаура Салиева есімді жас кәсіпкер.

Лаура Ахмедқызы Алматы сән және дизайн колледжін «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандығы бойынша бітірген. Екі баланың анасы  декреттік демалыста отырғанында алған білімі бойынша ара-тұра үйде ауылдың қыз-келіншектерін қабылдап, шаш сәндеп, бет әрлеп, қызмет көрсетіп жүрген. Тұрақты келушілерінің саны арта бастағанда жас кәсіпкерге неге сән салонын ашпасқа, деген ой келеді. Сонымен аудандық мансап орталығына жолығып, «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» бойынша қажетті мәліметтерді біліп, қайтарымсыз грантқа өтінім берген. «Сұлулық салонын ашу» бизнес жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грант қаражатына сөрелер, айна, креслолар, кушетка, диван және өзге де керекті құрал-жабдықтар алды. Осылайша үйінің бір бөлмесін қажетті жиһаз-құралдармен жабдықтап, сұлулық салонын ашып отыр. Бала кезінен шаш қиюға икемі бар Лаура өз ісін кәсіп көзіне айналдырғанына дән риза.

«Жер бетіндегі кез келген әйел сияқты ауылдың қыз-келіншектері де әрдайым сұлу, ұқыпты болып жүргенді қалайды. Ол үшін аудан орталығына барып, уақыты мен қаражатын құртқанша өзіміздің ауылдан осы мүмкіндікті бере аламын ғой, деген ниетпен сән салонын аштым. Әрине, мемлекеттік бағдарламаның көмегінің арқасында»,-дейді бағдарлама игілігін көріп отырған кәсіпкер.

Лаура Салиеваның сұлулық салоны бұл тек шаш сәндеп, бет әрлейтін жер емес, әрбір келуші өзін ерекше сезініп, нағыз хас сұлуға айналатын ғажайып орын. Мұнда қызметтің алуан түрі – кірпік өсіру, шаш сәндеу, бет әрлеу, перманентті қас жасау бар. Ал бұл қызметтің бәрін кәсіпкердің өзі атқарады. Ынта-ықыласы жоғары кейіпкеріміз қолға алған кәсібін болашақта кеңейтіп, жанына көмекші қыздар алып, қосымша жұмыс орындарып ашуды жоспарлауда.

Лаура Салиева қызмет сапасына және тазалыққа ерекше мән береді. Өзінің кәсібилігі мен келушілерге деген ерекше қамқорлығының арқасында жергілікті тұрғындардың сеніміне ие болып үлгерді. Екі баланың анасы жұмысқа да, үй шаруасына да уақыт табады. Лаура Ахмедқызы өз тәжірибесімен бөлісе отырып, басқаларды кәсіпкерлік әлеміне қадам жасауға шабыттандыруға дайын.

«Тәуекел етуден қорықпаңыз және өзіңізге сеніңіз, мемлекет сіздің күш-жігеріңізді қолдауға дайын, ең бастысы – сізге қуаныш және өзгелерге пайда әкелетін істі табу», — дейді ол.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.