Жыл санап өркендеп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келе жатқан Қордай ауданында тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Тарихы терең, даму қарқыны жоғары ауданда халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және баспанаға мұқтаж азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – жергілікті билік назарындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталуда. Соның жарқын дәлелі, аптаның сәрсенбі күні аудан орталығындағы «Емен» саябағында баспана кілтін табыстау рәсімі өтті. Жаңа тұрғын үйлердің кілт салтанатты жағдайда өз иелеріне табысталып, талай жанұя үшін өмірлеріндегі ерекше күндердің бірі есте қалды. Әсіресе, баспана кезегінде жылдар бойы тұрған азаматтар үшін бұл күн көптен күткен арманның орындалған сәті.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, тұрғын үй құрылысы мен халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін Қордай ауылында бой көтерген 150 пәтерлі тұрғын үйлердің кілттерін жаңа иелеріне табыстағалы отырмыз. «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетін пәтерлердің басым бөлігі көпбалалы отбасыларға бұйыруы біз үшін ерекше қуаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылы еліміз ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», — деді аудан әкімі.
Расында, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы – ауданның әлеуметтік дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі бір жағынан баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешуге ықпал етсе, екінші жағынан елді мекеннің сәулеттік келбетін жаңартып, инфрақұрылымдық дамуына да серпін береді. Ал мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы институттарының қолдауы тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың өз баспанасына қол жеткізуіне мүмкіндік жасап отыр.
«Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше қуанышты күн. Көптен күткен баспанамызға қол жеткізіп, өз үйіміздің табалдырығын аттағалы отырмыз. Көпбалалы ана ретінде балаларымның өз бөлмесі, алаңсыз өсіп-жетілетін жайлы ортасы болғанын армандап келдім. Міне, сол арманымыз бүгін орындалып отыр. Осындай мүмкіндік жасап, отбасыларға қолдау көрсетіп жатқан Мемлекет басшысына, аудан басшылығына және осы іске атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай қуанышты күндер көп отбасына бұйырсын!», — дейді жаңа пәтер иесі, көпбалалы ана Миргүл Сәбитқызы.
Бүгінде Қордай ауданында құрылыс саласын дамыту, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Мұндай игі бастамалардың жалғасын табуы аудан халқы үшін үлкен қолдау екені анық. Себебі баспаналы болған әрбір отбасының артында орындалған арман, ақталған үміт және жаңа өмірге деген сенім тұр.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ