«Ветеринария адамзатты емдейді…»

0

Қордай ауданында өмір бойы қажырлы еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосып кеткен азаматтар қаншама. Олардың еңбек жолы біреуге өнеге болса, біреуге нағыз мақтаныш. Алайда, осындай адамдар жайлы әңгіме қозғағанда көбіне елге белгілі, басшылық қызмет еткендер айтылып жатады. Бірақ қарапайым еңбеккер болып, аянбай жұмыс істеп өткендер қалыс қалып жататыны шындық. Осы ретте, өмір бойы ауданның ветеринария саласында қызмет еткен азамат жайлы аз-кем баяндасақ.

Иә, Қордай ауданы о бастан аграрлық, мал шаруашылығына қолайлы өлке саналады. Сондықтан да ауданда ветеринария саласының маңызы жоғары. Ветеринария қызметінің негізгі мақсаты – ветеринариялық шараларды уақытында жүргізіп, жануарларды түрлі аурулардан қорғау, қауіпті індеттерден адамдарды сақтандыру, мал шығынын азайтып, шаруаларға келтірер зиянды болғызбау болып табылады. Осы кезде КСРО ҒА академигі, елге еңбегі сіңген ветеринариялық дәрігер К.Скрябиннің: «Медицина адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді», — деген сөзі еске түседі. Яғни, адамдардың саулығы қоршаған ортаның, жан-жануарлардың саулығына тікелей тәуелді екен. Оған дәлел ретінде бүгінде күллі әлемді дүрліктірген пандемияны келтірсе болады. Бір сөзбен айтқанда ветеринарлар әр түрлі жұқпалы ауруларды алдын алып, уақытында емдеп отырмаса, оның арты үлкен проблемаға ұласады.

Ауданның ветеринария саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген азаматтың бірі – Мұхан Алтынбеков. Бүгінде Үлкен Сұлутөр ауылдық ардагерлер кеңесін жетекшілік етіп жатқан Мұхан Қасқатайұлы 1955 жылы Еңбек ауылында дүниеге келіпті. 1972 жылы Михайловка орта мектебін бітірген ол қолына құжатын алып, Ырғайты техникумына оқуға түседі. Сол кезде Мұхан Қасқатайұлы мұрты жаңа тебіндеген бозбала еді. Ерте еңбекке араласып, 1975 жылы Красногор ауданы, Отар ветстанциясында жұмысын бастайды. Өзінің біліктілігін, білімін арттыру мақсатында 1982 жылы Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтқа түсіп, жұмыс пен оқуды қатар жүргізеді.

Осылайша жаста болса білікті маман Красногор ауылдық ветучаскесінің меңгерушісі, кейіннен 1987 жылы Калинин колхозында ветдәрігер болады. Әр адамның жастық шағы ұмытылмас естеліктермен жадында сақталатыны рас. Мұхан Алтынбековтың есінен бірге иық тіресіп еңбек еткен азаматтар кетпейді. Әсіресе, колхозға басшылық еткен Рақманбай Қашқынов жайлы әңгімені көп айтады.

Тілшілермен кездесуге Мұхан ақсақал ескі фотосуретті ала келіпті. Ол естелік фотода ауданның ветеринар-дәрігерлері басқосқан кездесу бейнеленген. Ол жерде Красногор аудандық партия комитетінің екінші секретарі Анатолий Гранкин, бас мал дәрігер Саяқ Айдынбаев бар. Сонымен қатар, әріптестері-замандастары Тастан Жүнісбаев, Шапағат Дағылов, Жанәділ Әлиахметов, Жұмахан Торғаев, Мырзахан Орынбаев, Қуаныш Тобышақов, Мәдібай Мұхамедкерімов, Тілеуқұл Ілімбаев, Әлжан Мақаев, Қанат Әнетов, Исен Толымбеков, Нұрғазы Темірболатов – осы азаматтардың есімдерін Мұхан Қасқатайұлы ұмытар емес.

Сол жылдары бір Калинин колхозында 50 мың қой, 3 мың сиыр болған. Малдарға уақытылы емшара жасау, бақылау мал дәрігерлерінің міндеті. Ауылдағы ағайынның барлығы еңбек етеді, бос жүрген ешкім жоқ. Май зауытына Краснооктябрь, Калинин және Киров колхозынан сүт күнделікті жеткізіледі. Диірмен, наубайхана жұмыс істейді. Еңбеккерлер мал азығын дайындайды. Бірде, 1977 жылы Қордай асуында тас жолдан алыс емес жерде шөп шауып жүргенбіз. Ол кезде қазіргідей көлік көп жүрмейді. Бір кезде қара «ЗИЛ» лимузині тоқтады. Көліктен Дінмұхаммед Қонаев ағамыз шығып, бізге қол бұлғап, ризашылығын білдірді. Димекеңді көрген сәтім әлі күнге жадымнан өшпейді, — дейді Мұхан Қасқатайұлы.

Мұхан Алтынбеков жұбайы Айымхан екеуі 1975 жылы шаңырақ көтерген. Содан екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, бүгінде жеті немере сүйіп жатқан қадірлі ата. Өмір бойы ветеринария саласында қызмет еткен ақсақал бүгінде зейнетте болғанымен ауылдың қоғамдық өміріне араласып, әрдайым белсенділік танытып жүреді.

Еркін Қатбеков

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.