Биыл мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл толған түлектердің туған жеріне, өздері білім алған мектептеріне жасаған тартуларына бәрекелді деп айтуға болады. Бұл — туған ауылға деген құрмет пен перзенттік парыздың жарқын көрінісі.
Жуырда ғана Қаракемер ауылының азаматтары ауылға әсем стелла орнатып бергені туралы жазған болатынбыз. Ал күні кеше Үлкен Сұлутөр мен Жамбыл ауылының түлектері де өз ауылдарына ауыл атауы жазылған көрікті стелла сыйға тартты. Жаңатұрмыс ауылында да көркем стелла бой көтеріп, түлектер сыйына жерлестер алғысын айтуда. Ауылдарда үлкендері бас болып стелланың лентасын қиып, игі бастаманы іске асырған жандарға ризашылығын білдірді. Барша жиналған қауым естелік суретке түсіп, туған жерге деген түлектер құрметіне батасын беруде.
Ал, Өтеген ауылының биыл 20 жыл болған түлектері елді мекен жанына этно-ауыл салып, туризмді дамытуға сеп болуда. Нағыз ұлттық салт-дәстүрлі дәріптейтін мекен қонақтардың қызыға тамашалайтын, асыға келетін орнына айналмақ.
Осындай игі бастамадан Кенен ауылының түлектері де шет қалып жатқан жоқ. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған азаматтар ауыл жастарына арнап су жаңа волейбол және баскетбол алаңын, ауылдың кіреберісіне киіз үй үлгісіндегі заманауи стелла орнатып, ауылға келген қонақтарды қарсы алатын көрікті орын жасады. Ал 30 жылдық түлектер Кенен ауылына кіреберістегі арканы толықтай жаңғыртып, заман талабына сай жаңаша келбет беруіне атсалыс-ты. Айта кетерлігі, бұл арканы осы азаматтар мектеп бітіргендеріне 20 жыл толғанда алғаш рет орнатып берген.
Жалпы, туған жерге тарту жасау — өскен өлкеге, білім берген мектепке, кіндік қаны тамған ауылға деген үлкен құрметтің белгісі. Осындай азаматтық істер кейінгі жастарға үлгі болып, туған жерге жанашырлықтың арта түсуіне себеп болады деп сенеміз.