ИМАМДАР ФУТБОЛ ОЙНАП, ЖАМАҒАТ АРҚАН ТАРТТЫ

0

Бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты қымбат екенін қордайлықтар жақсы түсінеді, бағалайды. Ел дамуының басты бағытының бірі тұрақтылық болса, сол тұрақтылықтың қайнар көзі бірліктен басталып, берекеге жетелейтіндігі анық. Наурыз мерекесі қарсаңында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сортөбеде өткен соны іс-шара ынтымақтың ырысты боларына, достықтың туын желбірете отырып, бірлікті жырлауға болатынын дәлелдеді.

Қарасудан бастап Қарасайға дейінгі ауылдардың мешіт жамағаттарының бірігуімен мереке қарсаңында Сортөбе ауылындағы шағын футбол алаңшасы маңында ұлттық ойындардан жарыс өтті. Жиналған қауымды алдымен аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев, ішкі саясат бөлімі басшысы Нұрболат Сатымқұл, аудандық мәслихат депутаты Таня Апаева және ауданның бас имамы Асқар Сатылғановтар құттықтап, сәттілік тілеп, ұйымдастырылып отырған шараның мән-маңызына тоқталды. Жарыста Қарасай, Еңбек, Қаракемер, Масаншы, Ауқатты, Сортөбе, Қарасу, Өтеген, Күнбатыс ауылдарынан жиналған азаматтар командаға бөлінгенде ауыл болып емес, құрама ретінде бөлініп, ауылдың емес команданың намысын қорғады. Мәселен, бір командада дүнген, қазақ, әзірбайжан өкілдері болып бірлесе жеңіс жолы үшін барын салды. Олар «Ынтымақ», «Алға», «Бірлік», «Ырыс», «Сұңқар», «Достық», «Намыс» болып аталды.   Ең қызықты сайыстардың бірі арқан тартудан болғаны атап өткен жөн. Әр командадан белді де білекті бес жігіт шығып, өз жақтастары үшін барын салды. Алақанды ысқан арқанды шірене тартуда «Бірлік» командасы үшінші орынға ие болса, аталмыш сайыс жеңімпазы атанған «Ырысқа» есе жіберген «Сұңқарлықтар» екінші орынға тұрақтады.

Келесі сайыс асық атудан болды. Мергендік пен ептілікті қажет ететін ұлттық ойын бойынша жарысқа әр командадан бір адамнан шығып, шын шеберліктерін көрсетті. Сақаларын сайлаған сайыпқырандар қаздай тізілген қызыл асықтарды алыстан атып, кейбірі мүлт кетіп жатса, екіншісі дәлдіктерімен көпшілік көңілінен шығып, жеңісті жұлып алды. Мұнда «Ырыс» командасы үшінші, «Ынтымақ» екінші, «Бірлік» бірінші орынға ие болды.

Бұл кезде шағын футболдан жарыс қызған болатын. Былғары допты шиыра теуіп, шеберлік көрсеткендер қатарында ауыл имамдарының ойыны ерекше болды. Имандылықпен қатар салауатты өмір салтын насихаттауда алдына жан салмайтын діни қызметкерлердің өнеріне көрермен ризашылығын білдірді. Аяқдопта «Алға» командасы үшінші, «Намыс» екінші, ал, «Достық» бірінші орынды жеңіп алды.

Жарыс соңында жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар берілсе, Сортөбе ауылдық округі әкімдігінің атынан жарыстың өтуіне мұрындық болған барлық имамдарға Алғыс хаттар табыс етілді.

«Мұндай игілікті шараны ұйымдастыруды алдымен Қаракемер ауылдық мешітінен бастаған болатынбыз. Бертін келе Өтеген ауылында жалғастырсақ, жақында ғана Қарасай ауылында жамағаттың бірігуімен жаңа саябақ бой көтерді. Ал, бүгінгі жарыс Ұлыстың Ұлы күні қарсаңына ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсатымыз бірлік пен татулықтың барлығынан қымбат екенін көрсету, жастарды имандылық пен салауатты өмір салтына жетелеу. Осы орайда біздерге үлкен қолдау көрсеткен Қордай ауданы әкімдігіне, аудан имамдарына және Сортөбе ауылдық округі әкімдігі мен жамағатына ризшылығымызды білдіреміз. Алда осы бағытта атқарар әлі талай жоспарларымыз бар», — дейді жарыс-ты ұйымдастырудың басы-қасында болып, жанашырлық танытып жүрген Өтеген ауылының тумасы Нұрбақыт Жәпеков.

Спорттық сайыс мәреге жеткен соң жиналған қауым Сортөбе ауылдық мешітінде үлкен дас-тарханда бас қосып, бейбітшілік пен келісім, достық пен ізгілік турасындағы әңгімелер тиегін ағытты.

Ж.Омаров  

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.