Сәрсенбі күні Қордай ауданында көптен күткен елеулі оқиға – жаңа цемент зауытының ашылу салтанаты өтті. Өндірістік қуаты тәулігіне 3500 тонна клинкер цемент өндіретін «KORCEM» ЖШС технологиялық желісін іске қосу – ауданның экономикалық дамуына үлкен үлес қосады деп күтілуде. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімі Бегзат Болатбеков, «KORCEM» ЖШС-нің, «International Cement Group» ЖШС-нің өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Онда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, құны 50 млрд теңгені құрайтын жоба Қордай ауданының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар ол, елімізге инвестиция тарту Президенттің тапсырмасы екенін айта келе, жаңа зауытта 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, облыс экспорты артатынын атап өтіп, жиналған көпшілікті ашылуымен құттықтады. Салтанатты шарада «KORCEM» ЖШС-нің, «International Cement Group» ЖШС-нің және «SINOMA (LIYANG) HEAVY MACHINERY» ЖШС-нің басшыларына да сөз кезегі беріліп, олар да қордайлықтарды және жұмысшыларды құттықтады.
Осыдан кейін өңір басшысы Ербол Шырақбайұлы және кәсіпорын басшылары символикалық түрде зауыт тетігін қосты. Ал, салтанатты рәсімге келген өнерпаздар ұлттық әндерді шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Бүгін зауыттың «жүрегін», яғни негізгі өндірістік бөлігін іске қосып отырмыз. Біз ішкі нарықты отандық өніммен қамти отырып, осы саланың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға күш саламыз, – дейді жоба жетекшісі Станислав Щербаков.
«International Cement Group» ЖШС-нің басқарушы директоры Бенджамин Ченгтің айтуынша, аталған жобаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді.
– Біздің компания өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін басқа да әлеуетті инвесторларды тартуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысында өнімді экспорттау мүмкіндігі зор. Ең бастысы, инвесторларға барлық жағдай жасалғанын өз тәжірибемізден көрдік, — деді ол.
Жалпы атап өтетін болсақ, Шу өзенінің оң жақ сағасынан орын алған Қордайдағы цемент өндірудің тарихы сонау өткен ғасырдың 1909 жылынан бастау алатынын біреу білсе біреу білмес. Қордай жері, қала берді орта Азия аумағында бұрын соңды болмаған алып зауыт құрылысына немістің инженер-химигі А.Штернштейн мен сол кездері Шу өңірінің суармалы алқаптарын ұлғайту ісімен айналысып жүрген инженер-мелиоратор В.Васильевтер басшылық еткен. 1916 жылы цементтің алғашқы партиясы шығарылды. Уақыт өте зауыттың өнімділік қуаты артып, қордайлық өнімнің сапасы да жақсарды. Осы арада зауытпен бірге ұйым жұмысшылары мен қызметкерлері қоныс тепкен Цемзауыт ауылының да тынысы кеңейіп, әл-аухаты күн санай арта түсті, жас отбасылар шаңырақ көтеріп, бүкіл ғұмырын зауыт жұмысына арнаған династиялар да пайда болды, ал қордайлық өнім шартарапқа таралды. Бүгінде жергілікті басшылық өкілдері үлкен инвесторларды тарта отырып, бұл өндіріс түріне жаңа серпін бере алды.
Жақын арада қордайлық цемент атауы бұрынғыдай орта Азияға танымал болатынына сенім үлкен. Себебі, «KORCEM» ЖШС заманауи және жоғары технологияларды пайдаланып, клинкер цемент өндіретін бірегей кәсіпорын аталмақ. Мұндай кәсіпорын Қазақстан бойынша тек Алматы және Абай облысында ғана бар екен.
Еркін Қатбеков
Фото Айбек Нәкен