МӘДЕНИЕТ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

0

«Мәдениет – асыл қазынам» атты Қордай ауданының мәдениет күндері араға жыл салып қайта оралды. Думанды шара биыл туылғанына 190 жыл толып отырған Ноғайбай би Дәулетбақұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды.

 

Аудан басшылығы мен қадірлі қонақтар атақты бидің аудан орталығында орналасқан еңселі ескертікіші алдында жиналып, би рухына тағзым етті.

Осыдан кейін мерекелі шара орталық стадионда жалғасты. Киіз үйлер тігіліп, үлкен сахна орнатылған стадион аумағы думанды шараның ауқымын бір көргеннен байқатады. Бірнеше тақырыптық бағытта өрбіген мәдениет күндерін қонақтар аудан басшысы Бегзат Болатбековпен бірге жекелей аралап көрді.

Қонақтар қатарында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, атақты «Досмұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Мұрат Құсайынов  болды. Қонақтарды қарсы алған көрмеге аздап тоқтала кетсек. Мәселен, «Көне қалашықтар – мәдениет бастауы» тақырыбында аудан тарихынан сыр шертетін музей көрмесін жайса, «Сауда жолы — киелі Қордайдағы өркениет тоғысы», «Әдет-ғұрып — қазақ мәдениетінің  негізгі қайнар көзі»,  «Ат әбзелдері — ел қорғаны», «Спорт саңлақтарының жетістігі-ұлттық мақтанышымыз»,  «Ата салтым -асыл қазынам», «Ұлттық құндылықтар -тәрбиенің түп қазығы», «Бірлік пен ынтымақ -Ұлы көш» және тағы да басқа көркі көз тартатын көрмелер қонақтар назарына ұсынылып, лайықты бағасын да алды. Көрме жаюды бөлімдер мен мекемелер, колледждер мен этно-мәдени бірлестіктердің тікелей атсалысуымен болғанын айта кеткен жөн болар. Ал, көпшілік көзайымына айналған, ақ шаңқан боз үйлермен думанды шараның шаңырағы іспетті – этноауыл жанынан дүбірлі той басталып та кеткен болатын. Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және  Кенен ақын ауылы дәстүрімізден сыр шертетін көріністерді ұсынып, ақ сақалды қариялар мен кимешекті әжелер, ақ жаулықты аналар, бозбалалар мен бойжеткендер тоғысқан этноауыл жанындағы мерекелі шара жалпының көңілінен шықты. Одан әріде ұлттық спорт ойындары мереке көрігін қыздырып,  белді де білекті жігіттер аударыспақ, теңге ілу, қазақша күрестен сынға түсіп, ойшылдар ойыны саналатын тоғызқұмалақтан жастар кім мықтыны анықтады. Қордайдан шыққан және жалпы елімізге танымал қаламгерлер кітабынан жасалған көрме де көпшілік назарын аудартты. Көкөніс жәрмеңкесін жайған «Азықтүлік қалашығына» қызыққандар саны да жетірлік болды. Ал, осыдан кейін «Қордайым – құт мекенім» атты концерттік бағдарламада өңірімізден шыққан эстрада жұлдыздарымен бір сахнада аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.  Ал, ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қордай ауданы әкімі аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып өтіп, әлеуметтік – экономикалық тұрғыда дамудың даңғыл жолына түскен ауданымыздың бүгіні турасында тоқталып, сән-салтанаты келіскен мәдениет күндерінің Қордайда ерекше өтуінің де заңды екенін айтты.

Жандос ОМАРОВ

Фото Айбек Нәкен, Әділет Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.