«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында нысаналы талаптарды алу үшін қандай банктерге жүгінуге болады?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қаңтардағы №16 «Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақтар төлемін қалыптастыру және есепке алу, сондай-ақ, нысаналы талаптарды есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қаулысымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының кәмелетке толған қатысушыларына БЖЗҚ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында аударатын нысаналы жинақтарды (бұдан әрі — НЖ) есептеу үшін банк шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті операторлар (бұдан әрі-УО) Ұлттық пошта операторы және екінші деңгейдегі банктер бекітілді.
Осылайша, «БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) және УО арасындағы өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібін белгілейтін келісімдер жасасқан Қазақстанның екінші деңгейдегі кез келген банкі бағдарламаға УО ретінде қатыса алады.
НЖ пайдалану жөніндегі уәкілетті операторлар:
тұрғын үйге — «Отбасы банкі «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ,
білім алуға — «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ.
«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды төлеу кезінде доллар бағамы қалай анықталады? Қандай да бір комиссия алынады ма?
18 жасқа толған балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан БЖЗҚ-ға АҚШ долларымен аударылады және БЖЗҚ-да АҚШ долларымен сақталады.
Кәмелетке толған бағдарламаға қатысушы өз ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдаған кезде, ол уәкілетті операторға (УО) өтініш береді, ал БЖЗҚ оның жинақтарын кейіннен уәкілетті оператор ашқан банк шотына есептеу үшін АҚШ долларымен аударады. Әрі қарай, УО жинақтарды тұрғын үйге және/немесе білім алуға пайдалану үшін аударған кезде, ақша аударым кезінде өзекті болатын бағам бойынша АҚШ долларынан теңгеге айырбасталуы мүмкін.
Егер алушы «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде білім алуға ақы төлеу» мақсатын таңдаса, ақшаны айырбастау талап етілмейді. Қалған мақсаттар бойынша НЖ төлемін алушы аударым жүргізілген кездегі бағам бойынша АҚШ долларынан теңгеге айырбастайды.
Ұлттық қордан нысаналы жинақтар төлеміне жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Сонымен қатар, БЖЗҚ өз қызметтері үшін ешқандай комиссия алмайды.
Зейнетақы жинақтарын балама мақсаттарға кім және қалай пайдалана алады?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі төмендегі шарттардың бірі болған кезде БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге пайдалануға құқық береді:
егер МЗЖ салымшысының жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) МЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асып кетсе;
егер зейнетақы төлемдерін алып жүрген зейнеткерлердің зейнетақы мөлшері алушының орташа айлық кірісін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен айқындалатын, алушының орташа айлық кірісін 40 пайыздан төмен емес
деңгейде алмастыру коэффициентін қамтамасыз еткен жағдайда. Орташа айлық кірісті алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнетке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық кірістен аспайтын табысы ескеріледі (бұл жағдайда зейнетақы жинақтарының 50% мөлшеріне дейін пайдалануға болады);
егер міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасса (бұл жағдайда ЖЗШ-да бар жинақты түгел пайдалануға болады);
егер салымшы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болса. Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге МЗЖ есебінен қалыптастырылған өздерінің зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалана алады (еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқығы бар адамдардың толық тізбесі әлеуметтік Кодекстің 212-бабында айқындалған).
Әрбір салымшы мен алушы өз жинақтарына қалай иелік ету керектігін өзі анықтауға құқылы:
оларды бүгінгі күннің мәселелерін шешу үшін жұмсаған жөн бе, әлде зейнет жасында қамсыз болу үшін қалдырған абзал ма?. Бұл, ең алдымен, жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын салымшыларға қатысты. Ең төменгі жеткілікті шек деген ұғымның астарында ай сайынғы зейнетақыны ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес мөлшерде қамтамасыз ету үшін қажетті МЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері қарастырылатынын түсіну қажет. Бұл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ, болашақ зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістіліктің болжамды есептеулеріне сүйене отырып айқындалатын зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Осылайша, ТЖШ — бұл салымшы зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін алуы үшін шотта қалуы керек ең төменгі көрсеткіш.
Болашақ зейнетақыңыздың мөлшері туралы білу үшін, зейнетақының неден тұратынын көрсететін болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалана аласыз. Ол үш сценарий бойынша есептеледі: пессимистік, шынайы және оптимистік. Бұл салымшыға нақты инвестициялық кірістің болжамды деңгейін ескеретін барлық мүмкін нұсқалармен танысуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл құрал әрбір салымшыға зейнетақының мөлшері жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алған жағдайда және мерзімінен бұрын пайдаланбаған кезде қандай болатынын есептеуге көмектеседі. «Зейнетақы калькуляторы» қызметімен «БЖЗҚ»АҚ сайтында толығырақ танысуға болады: Зейнетақы калькуляторы (enpf.kz).