Жастар – елдің басты байлығы, қоғамның қозғаушы күші және болашағы. Сол себепті де әрқашан жастарға үлкен үміт артылады. Жастардың саналы ойы мен пікірлері қашанда маңызды. Сондықтан аудан басшылығы жастармен үнемі кездесіп, тілдесіп отырады. Осы орайда дүйсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков белсенді жастармен жүздесті.
Тұшымды ой мен маңызды ұсыныстарға, емен-жарқын әңгімеге негізделген кезекті басқосу «Бүгінгі білімгер – ертеңгі әріптес» тақырыбында өтті. Кездесуге ауданның техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білімгерлері қатысты. Мұндағы мақсат – аудандағы жастардың өзекті мәселелерін талқылап, идеяларын тыңдап, болашаққа бірге қадам жасауға негіз болу.
Басқосуда алғысөз аудан әкіміне берілді. Білімгерлерді жылы лебізбен қарсы алған аудан басшысы олармен жүздесуге қуанышты екенін жеткізді. Содан кейін Бегзат Болатбеков жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп келген қолдауларды тізіп өтіп, қысқаша баяндама жасады.
— Құрметті жастар, қадірменді білім-герлер! Ауданымызда жастарға қолдау көрсету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалар арқылы сіздердің әлеуеттеріңізді арттыруға жағдай жасалуда. Бүгінгі күнге Қордай ауданы бойынша 5461 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оның ішінде 2298-і жастар. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа 1455 азамат, ақылы қоғамдық жұмыстарға 193, жастар практикасына 229, әлеуметтік жұмыс орындарына 33, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 101, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 2 жас азамат жолданды.
Сонымен қатар, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 102 жас оқуын аяқтап, сертификаттарын алып, оның 30-ы грантқа қол жеткізді. Жұмыс берушінің жұмыс орнындағы кәсіптік оқытуға 18 жас, білім беру ұйымында кәсіптік оқытуға 45 жас және онлайн курстарға 90 жас азамат жолданып, оқуларын аяқтады. Бүгінгі күнге жастарға мемлекет тарапынан ұсынылатын, жастардың оқуын бітіріп, алған мамандығы бойынша тәжірибе алуға мүмкіндік туғызатын бағдарламалардың бірі «Жастар практикасы». Жалақы мөлшері 30 АЕК құрайды, 12 ай бойы жалақы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау мақсатында 9 жас маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілді. Ал, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін ауданда коворкинг орталықтары және спорт нысандары бой көтеруде. «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің есігі де әрқашан ашық.
Сіздердің ойларыңыз, ұсыныстарыңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені сіздер – ертеңгі күні бізбен бірге жұмыс істейтін әріптестер, қоғамды алға сүйрейтін көшбасшыларсыздар. Менің тілегім – алған білімдеріңізді, жинаған тәжірибелеріңізді өз еліңіздің, өз ауданыңыздың игілігіне жұмсауларыңыз, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы жастарды емін-еркін сұхбатқа шақырды.
Өз кезегінде кездесуге келген азаматтар өздерінің аудан әкімімен кездескеніне қуанышты екендерін білдіріп, сұрақтарын қоя бастады. Сауалдар негізінен спорт саласын қолдау, жастармен жұмысты жандандыру, оларды қолдау, кәсіпкерлікті қолға алғандардың істерінің дамуына жағдай туғызу, жастарды тұрғын-үймен қамту сынды болды. Сондай-ақ, аудан әкімінің жеке өміріне, жастық шағына қатысты сұрақтар қойған студенттер де кездесті.
Бегзат Болатбеков білмігерлердің әр сұрағына жауабын беріп, олардың ой-пікірлерін де тыңдап, еркін форматта сұхбаттасты. Сонымен қатар, аудан әкімі әр сұрақ пен ұсыныс-тілекті назарына алып, оның оңтайлы шешімін табуына жұмыс жасалатынын жеткізді. Жиын соңында аудан әкімі жастармен естелікке суретке түсті.