КӨГІЛДІР ОТЫН ИГІЛІГІ

0

Қордай ауданы халқының тоқсан пайызынан астамын газдандыру жоспары жақын арада толығымен орындалмақ. Осыдан бірер жыл бұрын көгілдір отын шалғай ауылдарға да жетеді деген қуанышты жаңалыққа аудан тұрғындары сенерін-сенбесін білмей, аң-таң болғаны рас. Президент Қ.Тоқаевтың өзі Қордай ауданын толықтай газдандыру бойынша тапсырмасының нәтижесінде көптің көңілін күпті еткен өзекті мәселе шешімін тапты.

Осыған дейін Қордай ауданындағы 41 елді мекеннің тек 12-сі көгілдір отынның игілігін пайдаланушы еді. Ал, қалған ауыл тұрғындары үшін газға қосылу қол жеткізбейтін арман болатын. Жылда тұрғындар газдандыру мәселесін көтергенімен, жұмыс орнынан қозғалмады. Оның басты себебі – газдандыру мәселесі қыруар қаражатты қажет ететін ауқымды жұмыс. Алайда, бұл жұмысты бастау үшін Үкіметтен қомақты қаражат бөлініп, газдандыру жұмысы үлкен қарқынмен басталды. Ауданішілік жолдарды бойлап экскаваторлар жер қазып, газ құбырлары тастала бастады. Қордай ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансасының әлеуеті күшейтіліп, құбырлар Қарасу, Өтеген, Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Булар батыр, Ауқатты ауылдарына дейін жетті. Осылайша, биыл аудан орталығынан шалғай орналасқан Қарасай ауылдық округіне де көгілдір отын құбыры тартылды.

Сәрсенбінің сәтті күні Қарасай ауылында алғашқы шырпы жағылып, көгілдір отын лап етті. Салтанатты түрде алғашқы алауды жағу іс-шарасы ұйымдастырылып, оған аудан басшылығының өкілдері, ауыл тұрғындары жиналды. Іс-шараға жиналған азаматтар құттықтау сөздерін айтып, игілікті істі атқарған барша азаматтарды, Ел Президенті, облыс және аудан басшылығына алғысын айтты.

Салтанатты іс-шарадан кейін ауыл тұрғыны Өмірсерік Байтасовтың үйінде көгілдір отын жағылып, газ плитасына шәй қайнатылды.

— Бүгін біздің ауылға да газ жетті. Осы жаңалыққа баршамыз қуанып жатырмыз. Енді қаладағы жайлылық біздің ауылда да бар. Бұрындағыдай көмір жағып, күл шығаруды ұмытатын шығармыз. Әрине, бұл үлкен іс болды. Осы орайда жұмыстарды атқарған барша азаматтарға, аудан басшылығына алғыс айтамын, — дейді отанасы Бахыткүл Сұраубаева.

Құбырларды тарту жұмысын мердігер «Ерагазсервис» ЖШС атқарды. Әзірге ауылда тек отызға жуық абонент бар. Жақын арада барлық үйлер де газға қосылатынына үміт басым. Айта кету керек, қосылу құны 460 мың теңгені құрайды.

Е.ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.