Сахнада «Атамекен» ұжымы

0

Қараша айының 21 жұлдызында «Атамекен» ардагерлер ұжымының концерті өтті. Концерт шымылдығын алаңсыз албырт шаққа көз жүгіртіп, жүрекке ыстық мезгілдер, күлкі ұялатқан кезеңдерді тебіреніспен еске ала отырып, барша қазаққа белгілі Әбілахат Еспаевтың «Қайдасыңдар достарым» әні аудан ардагерлерінен құралған хордың орындауында ашты. Содан соң Қордай даласының бұлбұлы Қарлығаш Қожағазина «Дүние-ай» әнімен көрермендердің қошеметіне бөленді. 

Ал, Людмила Калашникова мен Болар Байшымыров «Вальс раставанья» әнін дуэтпен орындаған кезде, алдыңғы қатарда отырған әжелер мен аталар вальс биін биледі. Кейінгі орындаушылар Дүйсебай Айтхожин мен Күміскүл Сәрсенбаеваның «Тербеледі тың дала» әні концерттің керемет өтуіне себеп болды. Бостан Оспановтың «Қарттарым аман-сау жүрші» және «Әдемі-ау» әндері жиналған қауымға жағымды эмоциялар сыйлады. Одан кейін сахна төріне шыққан «Парасат» әжелер ансамблі «Құралай» әнін орындап, көрермендердің көңіл-күйлерін көтерді. Атхан Иманалиевтің «Қордай вальсі» әнін залда отырған көпшілік қауым қосылып айтып, әннің соңында орындаушыға қошеметін аямады. Келесі нөмірмен шыққан Анатолий Фунтиков «Еще не кончен бал» әнін нақышына келтіре орындады.

Жүргізуші Жанат Ақылбаева сахна төріне Құдабай Танабековті «Қайықта» әнімен шақырып, әнші өнерін көрсетті. «Теміртас» әнімен сахнаға шыққан Еркінбек Құттықов әнсүйер қауымды ерекше сезімге бөледі. Концертті жалғастырған Мұрат Құсайнов «Атамекен» әнін шырқап, залда ерекше патриоттық атмосфера тудырды. Ал Жаппарқұл Естемесов «Жүгіріп шықтым белеске» атты жайдарлы әнімен көрермендердің көңіл-күйлерін көтерді. Содан соң сахна төріне шыққан «Ивушки» тобы «В радость» әнін шырқап, жиналған қауым жүректерін елжіретті. Келесі ретте «Ивушки» тобына Еркін Сәрсенбаев қосылып, «Айналдым елім» әні орындалды. Концерт соңында «Атамекен» ардагерлер ұжымының орындауында шырқалған «Атамекен» әні көрермендерді ерекше сезімге бөледі.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.