ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ АЛАҢЫНДА БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісті.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп (0,8%), құрылыс (22,6%), тұрғын үй (3,5%), сауда (2,5%), көлік (13,6%) және байланыс (8,8%) салаларында оң динамика қалыптасты. 727,8 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде қосылған құны жоғары тауарларды дамыту және қолда бар шикізатты пайдалану басты басымдық болып қала береді.

Жамбыл облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасуда, мұны өнеркәсіп саласы мен жаңартылатын энергия көздеріндегі ірі жобалар айғақтайды. Жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялық қоржында 6,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 3,3 трлн. теңгенің 80 жобасы бар, оның он тоғызы (2,8 трлн. теңге) шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Атап айтқанда, ірі серіктестердің қатарында Qazaq Soda (кальцилендірілген сода), EuroChem (минералды тыңайтқыштар), Knauf (гипсокартон), Shagala mining (мыс өндірісі) бар.

10 айдың қорытындысы бойынша 149,7 млрд. теңгеге 21 кәсіпорын іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді.

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашалығы саласының әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. Биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 млрд. теңге бөлініп, салаға 14,9 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың га құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 млн. тонна өнім алынды. 600 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде.

10 айдың қорытындысы бойынша 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар — 750 мың шаршы метр).

Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Тараз қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп келеді. Қазір 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үй салынып жатыр, жыл соңына дейін 2 024 пәтер (41 тұрғын үй) қолданысқа беріледі.

Облыста көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд. теңгеге 1 575 пәтер сатып алынды.

Облыс әкімі ОКҚ мінберінде сөйлеген сөзінде көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген Мойынқұм ауданы елді мекендерін газдандыру бойынша ауқымды жобаның бастау алғанын айтты.

Толығырақ www.gov.kz сайтынан таныса аласыздар

Leave A Reply

Your email address will not be published.